×
475.31
555.54
6.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
475.31
555.54
6.05

Алматыдағы ауқымды рейд: айыппұл тұрағында орын қалмай барады

Бүгін, 14:33
Алматыдағы ауқымды рейд: айыппұл тұрағында орын қалмай барады
Фото: polisia.kz.

Алматыда соңғы 8 күн ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың шамамен 15 мың дерегі тіркелді. Бұл «Стоп – бұзушылық» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алматы қаласы полиция департаментінің айтуынша, сегіз күн ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың шамамен 15 мың дерегі анықталды. Полицияны әсіресе жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар алаңдатып отыр. Атап айтқанда, көлік құралын мас күйде басқару, қарсы бағытқа шығу, сондай-ақ көлік жүргізу құқығынсыз басқару фактілері тіркелген. Сонымен қатар жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдалану жағдайлары анықталды.

ЖОЛ АПАТЫНЫҢ СЕБЕБІ ҚАНДАЙ?

4,7 мыңнан астам көлік құралы мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылып, мемлекеттік тіркеу нөмірлері тәркіленді. Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, бақылау шаралары күшейтілгеніне қарамастан, жолдағы қауіп-қатерлер әлі де адам факторына байланысты сақталып отыр.

 Біз тек өрескел құқық бұзушылықтарды ғана емес, сонымен қатар агрессивті жүргізу әрекеттерін де тіркеп отырмыз. Кенет маневр жасау, жол ережелерін елемеу, өзге жол қозғалысына қатысушыларға құрметсіздік таныту жиі кездеседі. Әсіресе, мас күйде көлік жүргізетіндерге, жүргізуші куәлігінсіз немесе жалған нөмірмен әдейі басқаратын тұлғаларға ерекше назар аударылады. Мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді, –деп атап өтті Ғалым Сарғұлов.

КОНТЕКСТ

Осыған дейін Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Алматыда үш адамның қаза болуына себеп болған жол апатына байланысты бірқатар қылмыстық іс қозғады деп жазғанбыз. Ішкі істер министрі Ержан Саденов тапсырмасы бойынша жағдай алғашқы сағаттардан бастап ерекше бақылауға алынған. Оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде қоғамдық кеңістікте тараған ақпарат та тексеріліп жатыр.

Апат фактісі бойынша бұған дейін қылмыстық іс қозғалған ZEEKR көлігінің күдікті жүргізушісі сот санкциясымен қамауға алынды. Оның жол апаты кезінде жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталды.

Сонымен қатар қызметтік тексеріс басталды. Оны жүргізу үшін Алматыға Ішкі қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Кадр жұмысы департаментінің басшылары жіберілді. Бұдан бөлек, мемлекеттік нөмірлік белгілерді заңсыз беру фактісі бойынша жеке қылмыстық іс қозғалды.

Серіктес жаңалықтары