×
475.31
555.54
6.05
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
475.31
555.54
6.05

Желіде «цифрлық із» қалдырудан қорқатындар көбейген

Бүгін, 16:25
Желіде «цифрлық із» қалдырудан қорқатындар көбейген
фото: ашық дереккөзден

Британиялық Ofcom орталығының зерттеуі бойынша, адамдар әлеуметтік желіде жазба жариялауды сиретіп, керісінше жасанды интеллектпен жиірек сөйлесетін болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ересек интернет пайдаланушылардың 89%-ы әлеуметтік желіні қолданады, ал 16-34 жас аралығында бұл көрсеткіш 97%-ға тең. Алайда бұл статистика күрт өзгеруде. Қазір пайдаланушылардың тек 49%-ы ғана белсенді түрде жазба жариялап, пікір қалдырып немесе контентпен бөліседі. 2024 жылы бұл көрсеткіш 61% болған.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ БЕЛСЕНДІЛЕРІ АЗАЙҒАН

Зерттеу желі пайдаланушыларының пікірталасқа жиі араласпайтынын, көбіне контентті жай ғана қарап шығумен шектелетінін анықтады. Сонымен қатар, адамдар жариялайтын дүниесіне мұқият қарай бастаған. Сауалнамаға қатысқандардың 49%-ы өз жазбалары болашақта қиындық тудыруы мүмкін деп қауіптенеді.

Осыған байланысты жарияланым форматы да өзгеруде. Көпшілік тұрақты посттардың орнына өмір сүру мерзімі шектеулі контентті, мысалы стористі жиі салады.

ИНТЕРНЕТ ҚАУІПТІ МЕ? 

Интернеттің пайдасы қауіптерден басым деп санайтын пайдаланушылар үлесі 72%-дан 59%-ға дейін төмендеген. Ал әлеуметтік желілерді психикалық денсаулық үшін пайдалы деп есептейтіндер небәрі 36% ғана (бір жыл бұрын 42% болған).

Экран алдында өткізілетін уақытқа қатысты алаңдаушылық та қалыпты құбылысқа айналып барады: респонденттердің 67%-ы кейде интернетте шамадан тыс көп уақыт өткізетінін мойындаса, 40%-ы күні бойы смартфонға телміретінін жасырмаған.

ЖИ-ДАН КЕҢЕС СҰРАЙДЫ

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерге қызығушылықтың бәсеңдеуімен қатар жасанды интеллектке деген сұраныс күрт өсуде. Ұлыбританиядағы ересектердің 54%-ы қазірдің өзінде ChatGPT, Copilot немесе Gemini сияқты AI-құралдарды пайдаланады. Жастар арасында бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары: 16-24 жас аралығында – 79%, ал 25-34 жастағылар арасында – 74%.

Бұл тек жұмыс немесе шығармашылық міндеттермен шектелмейді. Жасанды интеллект қолданушыларының әр сегізіншісі (12%) оны қарым-қатынас жасау үшін пайдаланады, ал 25-34 жас аралығында бұл көрсеткіш әр бесіншіге жуықтайды (19%).

Зерттеу көрсеткендей, кейбір пайдаланушылар ЖИ құрылғыларын сырлас достарына айналдырған. Олар ЖИ-дан кеңес сұрап, жеке мәселелерін талқылайды немесе жалғыздықты еңсерудің бір тәсілі ретінде қолданады.

Сонымен қатар, пайдаланушылар интернетті контент тұтынумен қатар қосымша табыс табукөзі ретінде санайды. Бірақ зерттеу азаматтардың алаяқтықты және жалған аккаунттарды анықтау қабілеті соңғы жылдары төмендегенін дәлелдеді.

КОНТЕКСТ

Әлеуметтік желі біртіндеп белсенді қарым-қатынас алаңы ретіндегі рөлін жоғалтып, контент тұтыну арнасына айналып барады. Ал «әңгімелесуші» және көмекші қызметін жасанды интеллект атқаруда. Осылайша жаңа цифрлық мінез-құлық моделі қалыптасып келеді: ашықтық азайып, сақтық күшейіп, технологиялармен өзара әрекет барған сайын жекелендірілген сипатқа ие болуда.

Серіктес жаңалықтары