Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Олжас Құспеков әріптесі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Мәжіліске үш рет сайланып, 10 жылдан астам уақыт депутат болуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘЖІЛІСТЕГІ РОНАЛДУ КІМ?
Олжас Құспеков заң шығарушы органды футбол клубына теңеді.
– Парламентті үлкен футбол клубы ретінде қарастырып, халыққа түсіндіргім келеді. Бұл жерде Роналду секілді пенальти жасайтындар да, екінші, үшінші құрамдағы футболшылар да бар. Олардың арасында жасына қарамастан белсенді азаматтар бар екенін атап өткен жөн. Мәселен, Бақтықожа Салахатдинұлымен бір комитетте жұмыс істейміз. Ол кісі әдеп комиссиясын басқарады. Депутаттарға қатысты шағымдардың бәрін қарастырады. Оның өңірде жұмыс істеген тәжірибесі де жұмыс барысында кәдемізге жарап жатады. Меніңше, қоғамға берері жоқ, белсенділігі төмен депутаттардан арылуымыз керек. Ал заң шығару ісіне сүбелі үлес қосып жүрген кісілердің тәжірибесін әлі де пайдаланған жөн, – деді мәжілісмен.
ҚҰРЫЛТАЙ ҺӘМ ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ
Депутаттың пікірінше, президенттің өзі бір-ақ мерзімге, 7 жылға сайланатын болса, депутаттардың да жиі алмасып отыруы орынды.
– Бір шақырылымда отырғаннан кейін аймақтарға барып жұмыс істеп, елдің жағдайын көзбен көргені, тәжірибе жинағаны дұрыс деп ойлаймын. Араға уақыт салып, жаңа көзқараспен, тың тәжірибемен қайта келсе, халық кеудеден итере қоймайды. Ал бірден екі немесе үш шақырылымда отырса, ел ішіндегі шынайы ахуалдан алшақтап кетеді деп ойлаймын. Меніңше, тәжірибесі мол, елге әлі де берері бар адамдар Халық кеңесінің құрамына кіруі керек, – деп пайымдайды ол.
Десе де Олжас Құспеков жаңа парламенттің құрамын толық жаңартуға болмайтынын айтады.
– Саясатта да ұрпақтар сабақтастығы болуы керек деп есептеймін. Егер 98 депутаттың бәрін босатып, заң шығарушы орган құрамын толық жаңартатын болсақ, бірде-бір заң жүрмей қалады. Процесті білетін, бағыт-бағдар беріп отыратын адамдар болуы қажет, – дейді «Respublica» өкілі.
Айта кетейік, бұдан бұрын депутат жаңа Конституция күшіне енген соң Қазақстанда көп әйел алуға мәселесіне қатысты қандай шектеулер енгізілуі мүмкін екенін айтқан.