Астанада «Көркем-3» тұрғын үй кешенінен шыққан өрт үш баланың өмірін жалмады. Ulysmedia.kz тілшісі оқиға орнына барып, төтенше жағдайға не себеп болғанын, төтеншеліктер неліктен балаларды құтқара алмағанын анықтауға тырысты.
ТҮН ОРТАСЫНДА ТҰТАНҒАН ӨРТ
Тұрғындардың сөзінше, қызыл жалын шамамен түнгі 1:30-да тұтанған, ал құтқарушылар оқиға орнына 5–7 минут ішінде жеткен.
Өрт 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында болды. 16-қабат тұрғындары балалар және әйелдің айқайлаған дауысын естігенін айтады.

«Біз өрттің шыққанын түнгі сағат 1:30-да білдік. Түтін иісі шығып, балалар мен әйелдің айқайлаған, жылаған дауыстары естілді. Бір көршіміз төменге жүгіріп түсіп, көмектеспек болды. Бірақ пәтер есігін аша алмаған», – дейді көршілердің бірі.
Куәгерлердің айтуынша, темір есікте екі құлып болған. Бұл жағдай құтқару жұмыстарын айтарлықтай қиындатқан көрінеді.

ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫ
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер мен полицейлер бірден эвакуация жұмыстарын бастаған.
Құтқарушылар түтін жайлаған қабаттарды аралап, пәтер есіктерін қағып, тұрғындарды эвакуациялаған. Алайда кейбір тұрғындар бастапқыда дабылға мән бермеген. 14-қабаттағы тұрғындардың бірі мұны жиі болатын жалған сигнализациямен байланыстырды.
«Сигнализация болды. Бірақ біз оны әдеттегідей тексеріс немесе жалған дабыл деп ойладық. Кейін көрші келіп есік қаққанда ғана шықтық», – дейді ол.
Ресми мәлімет бойынша, өрт кезінде 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өздігінен шыққан.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР
Өртті сөндіру барысында құтқарушылар пәтер ішінен денесін күйік шалған әйелді алып шығып, жедел жәрдем қызметіне тапсырған. Қазір ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатыр.
Өкінішке қарай, оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың денесі табылды. Тұрғындардың айтуынша, 13-пен 5 жастағы қыз және 2-дегі ұл бала ажал құшқан. Өрт шыққанда балалардың әкесі үйде болмаған.
«Күйеуі үйде болмаған. Кейін көшеде жылап тұрғанын көрдік», – дейді тұрғындар.
ТЕРГЕУ ЖӘНЕ КЕЙІНГІ ЖАҒДАЙ
Таңертең Төтенше жағдайлар министрлігі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалған. Ведомство мәліметінше, пәтер есігі арнайы құралдардың көмегімен ашылған.
Өрттен кейін тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп, келесі күні олардың бір бөлігі үйлеріне қайта оралды.

Сонымен қатар, тұрғындар мен құтқарушылар оқиға кезінде аулаға кірудің қиын болғанын атап өтті. Бұған жабық қоршаулар мен ретсіз автотұрақ себеп болған.
Қазір өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр. Әкімдік зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Тұрғындардың айтуынша, өрттен кейін подъезд пен пәтерлерде әлі күнге дейін күйік иісі сақталып тұр.