Астанада қолына балта ұстаған мас ер адамның көпқабатты үй подъезінде жүргені тұрғындарды шошытты. Оқиғаға қатысты сот шешімімен 31 жастағы азамат 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Бұған дейін әлеуметтік желілерде тұрғын үй кешендерінің бірінде балта ұстап жүрген ер адамның видеосы тараған болатын.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктінің жеке басы жедел анықталып, ол полиция бөлімшесіне жеткізілген. Оқиға оның танысының пәтерінде болғаны белгілі болды. Сол кезде үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Ер адамдар бірге ішімдік ішкеннен кейін, қонақтың мінезі өзгеріп, ол қолына құрылыс құралын алған.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?
Полиция қызметкерлері құқыққа қайшы әрекеттердің жолын дер кезінде кескен. Подъезде жүрген сәтінде ер адам әйнекті сындырып, өзі жарақат алған. Оған медициналық көмек көрсетілді. Басқа тұрғындар зардап шеккен жоқ.
Аталған факті бойынша ер адамға қоғамдық орында мас күйінде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Қазір ол Астана қаласы полиция департаментінің арнайы қабылдау орнында отыр, – делінген хабарламада.