Белгілі әнші Нұрлан Абдуллин ұлына алимент төлеуді талап етіп, сотқа жүгінген экс-азаматтық әйелі Ақмарал Баққараеваны өлтіремін деп қорқытқан. Бұл туралы әйел Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында мәлімдеді.
ҚОҚАН-ЛОҚЫ
Баққараеваның айтуынша, әртіс үстінен сотқа арыз түскенін естігенде пәтерлерін өгей қызы – Динара Абдуллинаның атына жазып, туған ұлына ештеңе бергісі келмеген.
– Динара Абдуллина туған қызым емес деп өзі айтатын. Десе де, бізде сот жүріп жатқанда екі пәтерді соның атына жазып берді. Менің адвокаттарым білмейді деп ойлайтын шығар. Шындап келгенде ол қазір менімен емес, өз ұлымен соттасып жатыр. Достары «Нұрлан жомарт адам, пәтер әпермеуі мүмкін емес» дейді. Пәтер алып бермек түгілі, табысын жасырып, алиментті де дұрыс төлемейді. Қаңтардағы сотта осы күнге дейін төлемеген 8 млн теңгені төлеуге міндеттелді. Менің ісіммен айналысатын сот орындаушысы Назар Маратұлын да өзінің бандиттерімен қорқытқан, – дейді әйел.
Абдуллин Баққараеваның өзін де өлтіремін деп қорқытыпты.
– «Бандиттерді жалдаймын, сені өлтіреді» деді. Аудиожазба бар. «Ты меня чумаришь, я сам тебя убью» деді. Кейін бандиттерімен қорқытты. Өлтірсе өлтірсін дедім. Сол аудиожазбаны ұлым естіп қойып, әкесін жек көріп кетті. Кеше мектептегі мұғаліміне «Әкем Нұрлан Абдуллин менің анамды өлтіргісі келеді. Егер ол анамды өлтірсе, мен де өлем» деп айтыпты, – дейді ол.
ДҮНИЕ-МҮЛІКТЕРІ
Айта кетейік, бұдан бұрын экс-азаматтық әйелі Абдуллиннің дәулетті адам екенін айтқан. Оның сөзінше, әнші 2024 жылы әрқайсы 450 млн теңге тұратын екі пәтер сатып алған. Одан бөлек, сол жылы Zeekr, Range Rover, Mercedes көліктерін алған. Әншінің екі компаниясы бар. Екеуінде де құрылайшы ретінде тіркелгенімен, бір тиын салық төлемеген.
Баққараеваның дерегінше, басқа кірісінен бөлек, Нұрлан Абдуллин «Қазақмыс» төрағасының кеңесші болып жүргенде 2 млн теңге жалақы алып отырған.