×
473.13
554.08
6.13
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
473.13
554.08
6.13

Адам өліміне жол берген полицейлер 15 жылға сотталуы мүмкін

Бүгін, 13:06
Адам өліміне жол берген полицейлер 15 жылға сотталуы мүмкін
фото: ЖИ/Ulysmedia.kz

Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 370-бабына («Әрекетсіздік») өзгеріс енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҰСЫНЫС

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов елімізде құқық қорғау органының өкілі заңды шаралар қабылдамай, салдарынан адам өлсе, мұны аса ауыр қылмысқа жатқызу қажет деп есептейді.

«Депутат Бақытжан Базарбек екеуміз Қылмыстық кодекстің 370-бабына («Әрекетсіздік») өзгеріс әзірледік. Егер құқық қорғау органы қызметкерінің әрекетсіздігі салдарынан бір  адам өлсе – 7 жылдан 10 жылға дейін, ал екі адам өлсе – 10 жылдан 15 жылға дейін соттауды ұсынбақшымыз. Әрине, полиция да, прокуратура да бұған қарсы болады. Бірақ мен бұл мәселені қоғамға шығарамын», – дейді мәжілісмен.

НҰРАЙДЫҢ ӨЛІМІНЕ ЖОЛ БЕРГЕН КІМ?

Депутат қыз алып қашуға қарсы заңның қабылдануына да полицейлер қарсылық көрсеткенін айтады.

 «Оны қайтеміз, дәстүрде бар нәрсе емес пе, адам ұрлау деген бап онсыз да бар» деп бой бермеді. Президент айтқаннан кейін ғана қозғалды. Ақыры енгіздік, 10 жылға дейін соттау жазасын қостық. Сталкингке қатысты бапты кіргіздік. Бірақ соған қарамастан полиция Нұрайдың өліміне жол берді», – дейді ол.

Мұрат Әбеновтің айтуынша, күдікті әуелі оны алып қашып, үйінде 12 сағат ұстаған, телефонын тартып алған. Кейін полиция бөлімшесіне әкеліп, қорқытып видеоға түсіріп алған.

«Ертеңіне әке-шешесі прокуратураға жүгінген. Алайда көп ұзамай  прокурорлар істі жауып тастаған. Президент қол қойған заңға пысқырмаған. Екі айдан кейін күдікті оны аңдып жүріп ақыры өлтіріп тынды. Қылмыскер ғана емес, полиция мен прокуратура да кінәлі. Бірақ заңда оларға жауапкершілік жоқ. Ең қызығы, жазаланбақ түгілі, әлгі прокурордың қызметі өскен», – деп таңданады депутат.

ҚЫРШЫННАН ҚИЫЛҒАН ҒҰМЫР

Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиға 11 қаңтарда болған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнебақылау камераларының жазбаларында ер адамның қызды қуып жетіп, оның қашуға және қарсылық көрсетуге тырысқанына қарамастан пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткені көрінеді. 13 қаңтарда күдікті 28 жастағы өңір тұрғыны қала шетінен 10 шақырым қашықтықта ұсталды.

Кейін белгілі болғандай, шабуыл кенеттен жасалмаған. Марқұмның туыстарының айтуынша, оған дейін бірнеше ай бойы қудалау болған және алып қашу (қалыңдықты ұрлау) оқиғасы да болған. Отбасы полициядан бірнеше рет көмек сұрағанымен, олардың арыздары қабылданбаған.

Оқиғаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында Президент полиция қызметкерлерінің әрекетіне баға беруді тапсырды. Сол күні Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылды. Ал некеге мәжбүрлеу дерегін тіркемеген полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Одан кейін әлеуметтік желілерде Шымкент қалалық полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері жариялаған болуы мүмкін видео тарады. Видеода Нұрай Серікбай өзін некеге мәжбүрлеу мақсатында ұрлап әкетпегенін және сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтады. Сондай-ақ ол ер адамға ешқандай арызы жоқ екенін айтады.

 

Серіктес жаңалықтары