Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбет ғылымды дамыту, дәрі-дәрмек қолжетімділігі мен әлеуметтік мәселелерді қамтитын ауқымды заң жобасын таныстырды. Оның айтуынша, бастама Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ғылым қалалары мен «ғылыми аумақ» ұғымы
Депутаттың сөзінше, заңнамаға алғаш рет «ғылыми аумақ» ұғымы енгізілмек.
- «Ол жеке елді мекен, ғылым қаласы (мысалы, Курчатов сияқты) немесе ғылыми-технологиалық парк форматында болуы мүмкін. Бұл — ғылым, білім және өндіріс бір жерде тоғысатын нақты құқықтық режим болмақ. Мұндай аумақтар үшін қолдаудың тұтас пакеті қарастырылған. Соның ішінде, жеңілдіктер мен ерекше жағдайлар, мемлекеттік қолдау тетіктері», — деді Асхат Аймағамбет.
Сондай-ақ заң жобасы осы аумақтарды басқаратын үкіметт, министрлік пен әкімдік құзыреттіліктерін нақты белгілейді. Бір сөзбен айтқанда, «іс жүзінде тұтас экожүйе қалыптасады».
Ғылыми гранттар мерзімі қысқарады
Аймағамбет қазіргі жүйедегі басты мәселенің бірі — бюрократия екенін атап өтті.
- «Бүгінде 3 жылға бекітілген ғылыми зерттеулер бюрократия рәсімдерге байланысты, іс жүзінде 2 жылға жуық мерзімде ғана жүргізіледі», — деді ол.
Жаңа нормаларға сәйкес, ғылыми жобаның басталу мерзімі қаңтар айынан емес, келісімшарт жасалған күннен бастап есептеледі. Бұл ғалымдарға бөлінген қаржыны толық көлемде пайдаланып, зерттеуді жоспарланған мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді.
- «Ғалымдар бөлінген қаражаттың 70–80 пайызын емес, толығымен 100 пайызын алып, сапалы зерттеу жүргізе алады», — деді депутат.
Ұлттық ғылым академиясы мен инфрақұрылым
Заң жобасы Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы қызметіне де өзгерістер енгізуді көздейді. Атап айтқанда, академия мүлкін қалыптастыру тәртібі реттеліп, басқару тетіктері жүйеленеді және тұрақты қаржыландыру көздері айқындалады.
- «Бұл академияның жұмысын тежеп тұрған бірнеше маңызды мәселені шешуге мүмкіндік береді», — деді Аймағамбет.
Сонымен қатар, ғылыми жобалар бойынша конкурс нәтижелерін жариялау мерзімі заңмен нақты регламенттеледі. Ұжымдық пайдаланылатын зертханалар тетігі енгізіліп, ғалымдар арнайы ақпараттық жүйе арқылы зертханалардың қолжетімділігін көре алады.
Бұл ғылыми инфрақұрылымды тиімді пайдалануға жол ашады.
Сондай-ақ дарынды оқушылар мен олимпиада құрамаларына мемлекеттік университет зертханаларын тегін пайдалану мүмкіндігі беріледі.
Дәрі-дәрмек тіркеу мерзімі қысқарады
Асхат Аймағамбет дәрі-дәрмек қолжетімділігін арттыру мәселесін де қозғады. Оның сөзінше, қазір дәрілік заттарды тіркеу рәсімі ұзақ уақыт алады.
- «Қазіргі таңда бұл рәсім заң бойынша 210 күнге дейін болса, іс жүзінде жылдап созылуы мүмкін», — деді депутат.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, тіркеу мерзімі 100 күнге дейін қысқарады. Сондай-ақ тіркеу, сараптама жүргізу, баға бекіту және формулярға енгізу рәсімдерін біріктіретін композиттік қызмет енгізіледі.
Бұдан бөлек, FDA және EMA мақұлдаған дәрілер үшін жеделдетілген тіркеу қарастырылған.
- «Егер препарат дамыған елде дәлелденген қауіпсіздік пен тиімділікке ие болса, біздің азаматтарға да уақытылы қолжетімді болуы тиіс», — деді ол.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігіне өмірлік маңызы бар дәрілерді тіркеуге дербес бастамашылық жасау құзыреті беріледі. Елге әкелінетін фармацевтикалық субстанцияларға бақылау күшейтіледі.
Әлеуметтік нормалар
Әлеуметтік бағыттағы өзгерістер де назардан тыс қалмаған. Ауыр жағдайда комада жатқан азаматтар үшін мүгедектікті рәсімдеу тәртібі жеңілдетіледі.
- «Мұндай жағдайда жақын туыстарына немесе жұбайына өтініш беру құқығы беріледі. Бұл науқасқа қажетті көмекті жедел алуға мүмкіндік береді», — деді депутат.
Сондай-ақ зейнетақы және әскери қызмет мәселелеріне қатысты нормалар енгізіледі. Мәжілістің барлық комитеттері заң жобасын қарап, тиісті қорытындыларын берген.
- «Заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын», — деп түйіндеді Асхат Аймағамбет.
Жалпы, бұл бастама ғылымды дамытуға, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.