Ақтөбе облысында бір айға жуық уақыт іздестірілген 10 жастағы баланың мәйіті табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында із-түзсіз жоғалған 4-сынып оқушысын іздеу жұмыстары аяқталды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, сүңгуірлер баланың денесін Елек өзенінен тапқан. Мәйіт жағадан шамамен 3 метр қашықтықта, 1,5 метр тереңдіктен жатқан.
Бала 29 наурыз күні үйінен шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған. Осы уақыттан бері іздестіру шаралары Сарыжар ауылы маңында тәулік бойы жүргізілді. Оған ТЖМ қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдар, әскери қызметшілер, еріктілер мен ауыл тұрғындары жұмылдырылған.
ІЗДЕУ КЕЗІНДЕ ҚИЫНДЫҚ ТУЫНДАҒАН
Іздеу барысында құтқарушылар күн сайын 30-35 км-ге дейінгі су айдындарын тексеріп, жүзу құралдарымен 25-30 км аумақты шолып шыққан. Жаяу топтар жағалау бойымен 15-20 км жерді қараса, дрондар арқылы 10-15 км аумақ бақылауға алынған. Сонымен қатар эхолот құрылғылары да қолданылған.
Алайда іздеу жұмыстары өзеннің қатты ағысы, иірімдері, қалың өсімдіктер мен судың лайлығы салдарынан күрделене түскен.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Парашютпен секірген: Ақтөбеде жас курсанттың өліміне кінәлі әскерилер сотталды
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде жантүршігерлік жол апатынан көлік жүргізуші оқиға орнында мерт болған еді.