Өңірлік экологиялық саммитте Қырғызстан президенті Садыр Жапаров сөйлеген сөзінде елінің көрші мемлекеттерді сумен қамтамасыз ету қаншалықты қиын екенін айтты. Оның пікірінше, су ресурстары үшін Өзбекстан, Қазақстан және Қытай Қырғызстанға пайдалы қазбалар беруі керек, сондай-ақ гидротехникалық нысандарды сақтауға көмектесуі қажет, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Құрғақшылық
Садыр Жапаровтың айтуынша, климаттың өзгеруі Қырғызстанда соңғы бес жылда төтенше жағдайлар санының үш есеге артуына себеп болған. Сонымен қатар, суармалы жерлер көлемі 16 пайызға азайған.
- «Болжам бойынша, 2060 жылға қарай Қырғызстан мұздықтарының 80 пайызға дейін жойылуы мүмкін. Бұл жағдай тек елдің өзіне ғана емес, бүкіл өңірге ауыр салдар әкеледі. Соңғы онжылдықтарда Ыстықкөлдің су деңгейі шамамен 14 метрге төмендеген, ал көлді қоректендіретін өзендер саны 100-ден 39-ға дейін азайған. 1968 жылдан бері биік таулы мұздық көлдердің саны 30%-ға артқан, бұл сел тасқындарының қаупін күшейтеді», – дейді Қырғызстан президенті.
Жапаровтың айтуынша, осының салдарынан елде қыс мезгілінде электр қуаты тапшылығы сезіле бастады. Ал климаттық өзгерістерге бейімделмесе, жағдай одан әрі күрделене түсуі мүмкін.
Пайдалы қазбаларға айырбастау
Қырғызстан су ресурстарымен өзін де, көрші елдерді де қамтамасыз етіп отыр. Президенттің сөзінше, Өзбекстанға – 23 миллиард, Қытайға – 7 миллиард, Қазақстанға – 5,5 миллиард, Тәжікстанға – 2 миллиард текше метр су беріледі.
- «Қырғызстан аумағында жыл сайын қалыптасатын жалпы су ресурстары шамамен 50 миллиард текше метр деп бағаланады. Оның ішінде біздің ел өз қажеттілігіне тек 12 миллиард текше метр ғана пайдаланады, ал қалған 38 миллиарды көрші мемлекеттерге кетеді», – деді Садыр Жапаров.
Ол Қырғызстан су ресурстарының Орталық Азия елдері үшін ауыл шаруашылығы мен энергетикалық, азық-түлік және әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды екенін атап өтті.
- «Осыны ескере отырып, көптеген ондаған жылдар бойы біз бұрынғы су бөлу лимиттерін сақтап келеміз, суды жинау және жіберу қызметтерін атқарып, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлардан қорғау жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қырғызстан су ресурстары қалыптасатын аймақты қорғау және сақтау үшін елеулі қаржылық және адам ресурстарын жұмсап отыр, бірақ оның орнына пайдалы қазбалар түрінде өтемақы алмай отыр» – деп ол көрші елдер президенттеріне үн қатты.
Ол Қырғызстан су шаруашылығы нысандарын сақтауға елдің жылдық бюджетінің 2%-ын бағыттайтынын, бірақ бұл қаражат жеткіліксіз екенін айтты.
Сондықтан Қырғызстан президенті көрші елдерді де осы үлгіні ұстанып, су қауіпсіздігіне жылдық бюджеттерінің 2%-ын бөлуді, сондай-ақ өңірде су және энергия ресурстарын әділ бөлу тетіктерін әзірлеп, енгізуді ұсынды.