×
461.55
540.38
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
461.55
540.38
6.15

«Қазақстан тарихын оқымаймыз»: Құлыбаеваның мектебі дауға ілікті

Бүгін, 11:55
«Қазақстан тарихын оқымаймыз»: Құлыбаеваның мектебі дауға ілікті
коллаж Ulysmedia

Әлеуметтік желіде блогер Ибрагим Шоқановтың «біздің мектепте Қазақстан тарихын оқытпайды» деген бейнежазбасы кең тарап кетті. Осыған байланысты Ulysmedia.kz тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

«АҒЫЛШЫН МЕКТЕБІНДЕ ОҚИМЫН»

Жақында 16 жастағы блогер өз оқырмандарымен кездесу өткізген. Бейнежазбадан Ибрагим Шоқановқа сұрақ қоюшылардың барлығы өзі қатарлас жасөспірімдер екенін байқауға болады. Бір бойжеткен блогерге «Қазақ хандығы қашан пайда болды?» деп тосыннан тарих туралы сұрақ қояды.

– Мен ағылшын мектебінде оқимын. Бізде Қазақстан тарихы пәні жоқ,– деп жауап береді блогер. 

Оқырман сұрағын тағы да нақтылап: «Сонда қандай пәндер оқытады?» дейді. 

– Сен бәрібір оның не екенін түсінбейсің,– дейді Ибрагим Шоқанов. 

ИБРАГИМ ШОҚАНОВ КІМ?

Ол ТМД кеңістігіне Shokanov есімімен танымал. Жас контентмейкер 16 жаста. Қысқа уақыт ішінде әртүрлі платформаларда 8 миллионнан астам аудитория жинап, видеоларының жалпы қаралымын миллиардтан асырды. 

Shokanov-тың негізгі ерекшелігі – провокациялық және эксперименттік форматтарға басымдық беруі. Ол классикалық блогингтен гөрі, аудиторияны эмоциялық тұрғыда қозғайтын контентті таңдайды. Жақында блогер желідегі хейтерлерімен шынайы өмірде кездесу керек деп шешеді. Осылайша интернетте балағат жазатын адамдарды бір алаңға жинап, арнайы жоба түсіреді. Бірақ әлеуметтік эксперимент күтпеген деңгейде агрессияға ұласады. 

ХАЛЫҚ ҚАНДАЙ ПІКІРДЕ?

Біз айтып отырған бейнежазба да осы алаңда түсіріліпті. Бірақ халықтың басым бөлігі жасөспірімнің өз тарихын, өз тілін менсінбегеніне ашулы. 

– Тағы да менмен жаңа буын өсіп келеді. Бұрын орысша болса, енді ағылшынша. Бірақ бәрібір қарапайым қазақтарды менсінбей қарайды, өздерінің ана тілін де, тарихын да білмейді. Қытай өздерінің көп иероглифтерін де, тарихын да менсінбей қараған жоқ. Соның арқасында елін дамытты. Барлық білім мен тәжірибені аударып, өз халқының қадірін білді, – дейді бір оқырман. 

Ал енді бірі блогердің Алматыдағы «Мирас» халықаралық мектебінде оқитынын айтып, білім беру жүйесін кінәлап отыр. 

– Егер осындай білімсіздерді шығаратын болса, мұндай «элиталық» мектептердің қажеті не? Өзін-өзі тым жоғары ұстайтыны тағы бар – өз елі туралы түк білмейді, бірақ соған қарамастан, мектептерінде Қазақстан тарихы жоқ екенін паңданып айтады. Бұл қандай мектеп сонда және неге оларды тексермеске?,–деп жазды Лейла есімді желі қолданушысы. 

Пікір білдірушілердің басым бөлігі бұл құбылыстың жасөспірімдер арасында кең таралғанын айтуда. Олардың ойынша,  Қазақстан шетелге маман дайындайтын платформаға айналған. Сондықтан басым бөлігі Қазақстан тарихын оқытпайтын мектептерді жабу керек деп санайды. 

– Қазақстандағы кез келген халықаралық мектепте Kazakh Studies пәні заң бойынша міндетті. Мәселе басқада  – оның форматы өзгеше болуы мүмкін: сағат саны аздау келеді, әрі құрғақ даталарды жаттатудан гөрі мәдениет пен тарихи контекске көбірек мән беріледі. Дегенмен Қазақстан тарихынсыз бұл елде ешкімге аттестат берілмейді. Бірақ қазақ тілі мен тарихына мүлде акцент қоймауы  біртүрлі екен,– дейді тағы бір оқырман. 

МЕКТЕП НЕ ДЕЙДІ?

Біз «Мирас» халықаралық мектебіне хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрадық. Олар мектепте Қазақстан тарихы пәні оқытылатынын хабарлады. 

– Мектепте Қазақстан тарихы пәні 5-сыныптан 11-сыныпқа дейін толық форматта оқытылады. Пән қазақ тобына қазақ тілінде, орыс, ағылшын топтарына таңдау тіліне байланысты беріледі. Ал блогердің сөзіне біз жауап бермейміз, – деді «Мирас» халықаралық мектебінің өкілі.

ҚҰЛЫБАЕВАҒА ТИЕСІЛІ БІЛІМ ОШАҒЫ

Айта кету керек, «Мирас» – Қазақстандағы ең алғашқы жекеменшік мектептердің бірі, 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мектеп «Н.Назарбаев білім қорына» тиесілі. Бұл қордың құрылтайшылары – экс-президент Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен Галина Самарская. $5,4 млрд капиталымен елдегі ең дәулетті ханымдар көшін бастап тұрған Құлыбаеваға бұл мектептен жылына 4,4 млрд теңге кіріс түседі. 

«Мирас» – Қазақстандағы IB толық циклін енгізген алғашқы мектептердің бірі.  2002 жылдан бері Cambridge IGCSE емтихандарын тапсыру орталығы ретінде жұмыс істеп келеді. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредитациясына ие.

Бұл мектепте оқитын 1-4 сынып оқушыларының ата-аналары жылына 6,2 млн теңге төлесе, баласы 11-12 сынып оқитындар 8,7 млн теңге құяды. 

Серіктес жаңалықтары