×
463.41
546.27
6.18
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
463.41
546.27
6.18

«Нацизмді талқандады»: Ресей Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі туралы сөз қозғады

Бүгін, 19:02
«Нацизмді талқандады»: Ресей Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі туралы сөз қозғады
mk.ru

Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу Кеңес Одағы құрамындағы әр республика Жеңіске баға жетпес үлес қосты деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ШОЙГУДЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

РФ Қауіпсіздік кеңесінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол Ресей азаматтары мен бұрынғы кеңестік республикалардың тұрғындарын алда келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, соғыс жылдарында түрлі ұлт өкілдерінің иық тіресе жүріп орасан ауыр құрбандыққа барғанын атап өтті.

— 9 мамыр — біз үшін қасиетті Ұлы Жеңіс мерекесі. Бұл күн халқымыздың Отанын қорғап, әлемді фашизмнен азат ету жолында қандай зор құрбандыққа барғанын еске салады. Сондай-ақ өткеннің қасіретті қателіктерін қайталауға болмайтынын ұқтырады, — деді Шойгу. 

Шойгу Ресей халқы кеңес халқына, соғыста түрлі ұлт өкілдерімен бірге иық тіресіп шайқасқан адамдардың ерлігіне әрдайым зор құрметпен қарайтынын айтты. Оның сөзінше, Ресейде және бауырлас республикаларда әр отбасы өз батырларын қадірлейді.

— Әр республика ортақ Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Олар бірігіп азаттықты қорғап, нацизмді талқандады. Аталарымыз бен бабаларымыз келер ұрпақтың өмірі мен болашағы үшін бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті, — деді Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы.

Оның айтуынша, КСРО халықтарының ерлігі мен Отанға адалдығын «Республикалар — майдан үшін: 1941–1945» атты деректі жинақтар сериясына енген мұрағат құжаттары мен фотоматериалдардың цифрланған көшірмелері дәлелдейді.

Шойгу бұл жинақтарды баспа және электронды форматта шығару құқығы барлық республикалардың уәкілетті органдарына тегін берілгенін айтты.

— Ұлы Отан соғысындағы ортақ Жеңіс — елдерімізді біріктіретін басты факторлардың бірі. Біз тарихты объективті тұрғыда түсіндіруге және тарихты бұрмалау әрекеттеріне қарсы бағытталған ортақ жобалар мен зерттеулерді қолдауды жалғастырамыз. Көпұлтты кеңес халқының фашизмді жеңудегі үлесін кемсітуге бағытталған әрекеттерге қарсы тұруымыз қажет. Соғыс туралы тарихи жады мен шындықты сақтау — біздің қасиетті әрі моральдық борышымыз, — деп түйіндеді ол.

ТОҚАЕВ ЖЕҢІС ПАРАДЫНА ҚАТЫСАДЫ

Бұдан бұрын президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған шараларға қатысу үшін Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен баратынын мәлімдеді.

Кремль бұл шешімді құптап, Қазақстан президентінің келуін «достық қадам» деп бағалаған.

— Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Владимир Путинмен жеке кездесуі жоспарланған. Мемлекет басшылары мамыр айының соңына жоспарланған Ресей президентінің Қазақстанға сапары қарсаңында стратегиялық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылайды, — деп жазды Смадияров Telegram-арнасында.

Серіктес жаңалықтары