Иранның әскери стратегиясын аятолла Мұжтаба Хаменеи белгілеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
ТОЛЫҒЫРАҚ
CNN телеарнасының мәліметінше, Иранның әскери стратегиясы мен соғысты аяқтауға байланысты Вашингтонмен арадағы келіссөздер бағытын жаралы болса да аятолла Мұжтаба Хаменеи айқындап отыр. Басылым ақпаратты АҚШ барлау қызметіндегі дереккөздеріне сүйеніп жазды.
Телеарна дерегінше, Хаменеи денесінің бір жағын ауыр күйік шалған. Салдарынан бетіне, қолына, денесінің бір бөлігіне және аяғына зақым келген.
Америкалық барлау көздерінің мәліметінше, Мұжтаба Хаменеи «оқшауланған жағдайда» отыр. АҚШ оның нақты қай жерде екенін әлі күнге дейін визуалды түрде растай алмаған, өйткені Хаменеи электронды байланыс құралдарын қолданбайды және тек өзіне жеке келетін адамдармен ғана байланысады.
Бұған дейін Иран жоғарғы жетекшісі кеңсесінің протокол қызметінің басшысы Мазахер Хоссейни Мұжтаба Хаменеи «алған жарақаттарынан айығып келе жатқанын» мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, әңгіме тек табан, белдің төменгі бөлігі және құлақтағы «жеңіл жарақаттар» туралы болып отыр.
КОНТЕКСТ
Мұжтаба Хаменеи Иранның рухани көсемі болып биыл ақпанның аяғында әкесі Әли Хаменеи қаза болғаннан кейін келген. Елді 37 жыл басқарған Әли Хаменеи АҚШ пен Израильдің әуе шабуылы кезінде қаза тапқан.
Мұжтаба Хаменеи билік басына келгелі бері бірде-бір рет көпшілік алдына шыққан жоқ. Reuters мәліметінше, Ирандағы билік Ислам революциясы сақшылар корпусының қолына өткен.
АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Иран режимі екіге бөлінген және оның билік құрылымы қандай жағдайда екені белгісіз. Бірақ соған қарамастан Мұжтаба Хаменеи соғысты тоқтатуға байланысты АҚШ-пен арадағы келіссөздер барысына араласып отырған болуы мүмкін.