×
463.91
544.63
6.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
463.91
544.63
6.26

Қонжықтан гризлиге дейін: атышулы Карлсон Зеленскийдің «құпиясын» ашты

Бүгін, 13:17
Қонжықтан гризлиге дейін: атышулы Карлсон Зеленскийдің «құпиясын» ашты
Коллаж AI / Ulysmedia

Украина президенті Владимир Зеленскийнің бұрынғы баспасөз хатшысы Юлия Мендель америкалық журналист Такер Карлсонға cұхбат берді. Зеленский билігіне қатысты күтпеген мәлімдеме Украинада үлкен дау туғызды. Экс-хатшы президентті «бейбітшілікке кедергі келтіріп отырған тұлғалардың бірі» деп атап, оның мінезі, ақпараттық саясаты және соғысқа қатысты ұстанымы туралы ашық пікір білдірген. 

Ulysmedia.kz сұхбатқа шолу жасап көрді. Юлия Мендельдің айтқандары шындық па? Америкалық журналист Такер Карлсон кім? 

Бір кездері Зеленский командасында жұмыс істеп, оны ашық қолдаған Мендель енді бұрынғы басшысы туралы ауыр айыптаулар айтып, оны «бейбітшілікке кедергі келтіріп отырған тұлғалардың бірі» деп атады. Сұхбат әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, украиналық медиада қатаң сынға ұшырады.

«2022 ЖЫЛЫ ҚОЛДАДЫМ»

Мендель сұхбат басында Зеленскиймен 2019-2021 жылдары жұмыс істегенін айтып, бастапқыда оған сенгенін жеткізді. Оның сөзінше, Ресейдің толыққанды басқыншылығы басталған кезде де президентті қолдаған.

«Мен 2022 жылы Ресей соғысты бастағанда оны қолдадым. Миллиондаған украиналық сияқты оның елде қалғанына риза болдым», - деді Мендель.

Алайда уақыт өте келе ол Зеленскийге көзқарасы өзгергенін айтып, қазіргі таңда президентті соғыстың созылуына әсер етіп отырған саясаткер ретінде сипаттады.

«КАМЕРАДАҒЫДАН БӨЛЕК»

Сұхбаттағы ең резонанс тудырған тұстардың бірі – Мендельдің Зеленскийдің мінезіне берген бағасы болды.

Ол президенттің жұрт көретін бейнесі мен шынайы болмысы екі түрлі екенін мәлімдеді.

«Ол камерадағы адам емес. Үнемі маскасын ауыстырады. Эмоциясын басқара алмайды. Жиі истерикаға беріледі», – деді экс-баспасөз хатшысы.

Мендель Зеленскийді «өте мықты актер» деп атағанымен, оның әрекеттері «шындықтан алыс» екенін айтты.

«Камера алдында жұмсақ аю сияқты көрінеді. Бірақ жарық өшкенде гризли аюына айналады», – деді ол.

Юлия Мендельдің тағы бір мәлімдемесі ақпараттық саясатқа қатысты болды. Оның айтуынша, Зеленский командасы билік рейтингін көтеру үшін агрессивті медиа стратегиясын қолдануға тырысқан.

«2019-2020 жылдары бізден Геббельстің насихатындай күшті ақпараттық қолдау талап етілді», – деді ол.

Сондай-ақ мемлекет туралы жағымды образ қалыптастыру үшін шамамен мыңға жуық журналист, блогер мен инфлюенсерді тарту идеясы талқыланғанын айтты.

Бұл мәлімдеме Украина медиасында ерекше реакция туғызды. Көптеген журналистер мұны мемлекеттік насихат жүйесін құру әрекеті ретінде бағалады.

ДОНБАСС ТУРАЛЫ

Мендель сұхбат барысында 2022 жылғы Ыстанбұл келіссөздері туралы да айтты. Оның сөзінше, сол кезде Зеленский Донбассқа қатысты мәселелерді талқылауға дайын болған.

Сонымен қатар ол Ресей насихатында жиі айтылатын тезисті қайталап, келісімге сол кездегі Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсоннің Киевке сапары әсер етті деген пікір білдірді.

ЗЕЛЕНСКИЙ ЕСІРТКІ ҚОЛДАНА МА?

Сұхбаттағы ең даулы тұстардың бірі – Зеленскийдің есірткі қолдануы туралы әңгіме болды.

Такер Карлсон президент жайлы қауесеттер туралы сұрағанда, Мендель нақты дәлелі жоқ екенін мойындағанымен, «бұл құпия емес» деген ишара жасады.

«Ол кейде брифинг алдында жиі дәретханаға кіріп, кейін «тым сергек күйде» шығатын», – деді ол.

Бұл сөздер Украина қоғамында қатты сынға ұшырады. Көпшілік мұны дәлелсіз айыптау әрі соғыс жағдайындағы мемлекет басшысына қарсы ақпараттық шабуыл деп бағалады.

УКРАИНА БИЛІГІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Украина президенті кеңсесі Мендельдің мәлімдемелерін жоққа шығарды. Ресми өкілдер оның бейбіт келіссөздерге қатыспағанын және мемлекеттік шешімдерге ықпал етпегенін айтты.

Президент айналасындағы адамдар экс-баспасөз хатшысының сөздерін «маңызсыз» және «шындыққа жанаспайды» деп атады.

Ал сұхбаттан кейін Юлия Мендель Украинадағы «Миротворец» базасына енгізілді. Онда оған «Ресей насихатын тарату», «қоғамдық пікірді манипуляциялау» және «капитуляцияға үндейтін мәлімдемелер жасау» сияқты айыптар тағылған.

ЮЛИЯ МЕНДЕЛЬ КІМ?

Юлия Мендель – украиналық журналист, саяси кеңесші және Украина президенті Владимир Зеленскийнің бұрынғы баспасөз хатшысы. Ол бұл қызметті 2019 жылдың 3 маусымынан 2021 жылдың 9 шілдесіне дейін атқарған. 

Журналистика саласында 14 жылдан астам еңбек еткен. ICTV, Espreso TV, 112 Ukraine, Inter секілді украиналық арналарда жұмыс істеп, кейін халықаралық медиамен де әріптестік орнатқан. Оның мақалалары The New York TimesThe Washington PostPolitico EuropeVICE және басқа да басылымдарда жарияланған. 

2019 жылы Владимир Зеленский президент болғаннан кейін баспасөз хатшысы қызметіне ашық конкурс жариялаған. Мендель шамамен 4000 үміткердің арасынан таңдалып шыққанын айтқан. 

Ол президент кеңсесінде халықаралық коммуникацияға, БАҚ-пен байланысқа және Зеленскийдің медиа имиджіне жауап берген. Сондай-ақ президенттің халықаралық сапарларына қатысып отырған. 

2022 жылы Мендель «The Fight of Our Lives: My Time with Zelenskyy, Ukraine’s Battle for Democracy, and What It Means for the World» атты кітап шығарды. Кітапта ол Зеленскиймен жұмыс тәжірибесін, Украинадағы соғыс пен саяси жағдайды сипаттаған. 

Кейін ол халықаралық БАҚ-та Украина тақырыбында сарапшы әрі колумнист ретінде жиі көріне бастады. 

2024 жылдың соңынан бастап Юлия Мендель Украинада атысты тоқтатып, Ресеймен келіссөз жүргізу қажеттігі туралы пікірлер айта бастады. Кейбір сұхбаттарында Зеленский билігін сынап, соғысты тоқтатуға шақырған. 

КАРЛСОН УКРАИНАНЫ ЖИІ СЫНАЙДЫ

Такер Карлсон – америкалық консервативті журналист, тележүргізуші және саяси комментатор. Ол АҚШ-тағы ең танымал әрі даулы медиа тұлғалардың бірі саналады.

Журналистік мансабын 1990-жылдары бастап, CNN, MSNBC сияқты телеарналарда жұмыс істеген. Алайда ол әсіресе Fox News арнасындағы Tucker Carlson Tonight бағдарламасы арқылы кеңінен танылды. Бұл шоу бірнеше жыл бойы АҚШ-тағы ең рейтингі жоғары саяси бағдарламалардың бірі болды.

Карлсон көбіне консервативті көзқарастарымен, миграцияға, либерал саясатқа және АҚШ билігінің сыртқы саясатына қатысты өткір пікірлерімен белгілі. Ол Украинаға әскери көмек көрсетуге қарсы пікір айтып, Батыстың Украина саясатын жиі сынайды.

2023 жылы Fox News арнасынан кеткеннен кейін Такер Карлсон жеке медиа жобаларын бастап, сұхбаттарын X (бұрынғы Twitter) және басқа платформаларда жариялай бастады. Кейін ол Ресей президенті Владимир Путинмен сұхбат алып, әлемдік медианың назарын аударған.

Соңғы жылдары Карлсонның бағдарламалары мен сұхбаттары жиі саяси дау туғызады. Оны жақтаушылар «шындықты ашық айтатын журналист» деп бағаласа, сыншылар «манипуляция мен насихат элементтерін қолданады» деп айыптайды.

Серіктес жаңалықтары