×
467.63
547.69
6.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.63
547.69
6.36

«Қазақтың Ван Даммы»: танымал блогер Шаолиньге не іздеп барды?

Бүгін, 14:40
«Қазақтың Ван Даммы»: танымал блогер Шаолиньге не іздеп барды?
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандық танымал блогер Медет Жанатұлының Қытайдағы Шаолинь монастырынан жариялаған видеолары миллиондаған қаралым жинады. Көрермендер оны Брюс Ли фильмдеріндегі кейіпкерлерге теңеп жатыр. 

Медет Жанатұлы кім? Шаолинь мектебіне қалай баруға болады? Ulysmedia.kz жауап іздеп көрді. 

Кунг-фу жаттығулары, медитация, таяқпен дайындық және монахтармен бірге өткізген сәттер миллиондаған қаралым жинап, желі қолданушылары оны «қазақтың ван Даммы» деп атап үлгерді. Бірақ бұл контенттің артында жай ғана спорттық сапар емес, қазіргі блогерлік индустриядағы жаңа тренд – рухани тәжірибені эстетикамен ұштастыру құбылысы байқалады.

МЕДЕТ ЖАНАТҰЛЫ КІМ?

Медет Жанатұлы – Қазақстандағы ең танымал блогерлердің бірі. Оның Instagram парақшасына 2,1 миллионнан астам адам тіркелген. Контенттері тұрақты түрде 4-5 миллион қаралым жинайды. Кейбір видеоларындағы лайк саны да 3 миллионға жуықтайды.

Блогер алғашында қарапайым ас үй видеолары арқылы танылды. Ол тамақ дайындау процесін ерекше ракурспен, артық сөзсіз, эстетикалық стильде түсіріп, аудитория назарын аударған. Кейін контент бағыты өзгеріп, ата-анасына жасаған сыйы, отбасына қамқорлығы және өмірлік сәттері кеңінен тарала бастады.

Медеттің басты ерекшелігі – камера алдында көп сөйлемеуі. Ол оқырманмен ұзақ диалог құрмайды, мотивациялық лекция оқымайды. Оның контенті визуал, музыка, эмоция және атмосфера арқылы жұмыс істейді. Осы үнсіз стиль аудиторияға «шынайылық» әсерін береді. Әлеуметтік желі заманында көп блогер үздіксіз сөйлеп, назар ұстап қалуға тырысса, Медет керісінше тыныш эстетика арқылы ерекшеленді.

ШАОЛИНЬ МЕКТЕБІ ЖАЙЛЫ

Медет барған Шаолинь монастыры – әлемдегі ең танымал рухани және жауынгерлік орталықтардың бірі. Шаолинь ғасырлар бойы кунг-фудың символына айналды. Алайда қазіргі уақытта бұл тек монастырь емес, халықаралық брендке айналған үлкен мәдени индустрия. 

Кадрларға қарағанда, блогер қытайлық жекпе-жек өнерінің шебері әрі Шаолинь кунг-фуының 36-буындағы нұсқаушысы Шифэнь Ши Мяо Хайдың жетекшілігімен жаттыққан. Оған әлеуметтік желіде шамамен 1 миллион адам жазылған.

Мектептің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, монастырь жанындағы мектептер шетелдік туристер мен блогерлерге арналған арнайы бағдарламалар ұсынады. Бағдарламаға кунг-фу, саньда, цигун, медитация, тайцзи және қарумен жұмыс істеу сабақтары кіреді. Қатысушылар аптасына алты күн, күніне үш мәрте жаттығады.

Бағасына келсек, бір апталық курс шамамен 5 мың юаньға (345 мың теңге), ал бір айлық бағдарлама 11 мың юаньға (760 мың теңге шамасында) бағаланады. Бұл сомаға тұру, тамақ және жаттығулар кіреді. Бірақ ұшақ билеті, виза, сақтандыру және Дэнфэн қаласына жету шығындары бөлек төленеді.

БЛОГЕРЛЕРДІҢ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?

Соңғы жылдары Шаолинь мектебі әлеуметтік желі арқылы белсенді насихаттала бастады. Әсіресе ТМД елдеріндегі блогерлердің монастырьға барып, арнайы контент түсіруі жиілеген. Бұл – Шаолинь бренді үшін де тиімді маркетинг.

Себебі TikTok, Instagram және YouTube дәуірінде адамдарды жай жарнамамен таңғалдыра алмайсың. Ал Шаолиньдегі өмір – визуалға өте бай контент: сарғыш шапан киген монахтар, тұманды таулар, ағаш залдар, ауыр жаттығулар, медитация, ішкі тыныштық туралы ойлар. Мұның бәрі аудиторияға кино әсерін береді.

Медеттің видеоларының миллиондаған қаралым жинауы да осының дәлелі. Пікірлерде оқырмандар «фильм сияқты», «нағыз жауынгер», «өзіміз де барғымыз келеді» деп жазып жатыр. Демек мұндай контент адамдардың тек спортқа емес, рухани тыныштыққа деген сұранысын да көрсетеді.

«НАҒЫЗ КҮШ – САБЫРДА»

Медет сапар барысында ең басты сабақтың физикалық дайындық емес екенін айтқан. Оның сөзінше, Шаолиньдегі ұстаздар адам алдымен өз қорқынышын, жалқаулығын және эгосын жеңуі керек екенін үйреткен.

«Бір айға жуық уақытты мен Шаолинь өлкесінде өткізіп, кунг-фуды үйрендім. Осы уақыт ішінде бір маңызды нәрсені түсіндім: кунг-фу – жай ғана соққы, созылу, тәртіп пен ауыр жаттығу емес. Нағыз кунг-фу адамның ішінен басталады», – деп жазды блогер.

 

Серіктес жаңалықтары