Киевте 15 мамыр Ресей әскерінің жаппай шабуылынан көп адамның қаза табуына байланысты Аза тұту күні болып жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖОЙҚЫН ШАБУЫЛ
УНН агенттігінің жазуынша, шабуыл салдарынан Киевтегі тоғыз қабатты тұрғын үйдің бір подъезі толықтай опырылып құлаған.
15 мамыр күні қалада барлық ойын-сауық шаралары тоқтатылып, мемлекеттік тулар төмен түсіріледі. Бұл туралы Киев мэрі Виталий Кличко мәлімдеді.
Оның сөзінше, бұл — соңғы айлардағы астанаға жасалған ең жойқын шабуылдардың бірі.
Кличко Дарницкий ауданындағы қираған тұрғын үйде үйінді астын аршу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын айтты. Соңғы мәлімет бойынша, қаза тапқандар саны 24 адамға жетті. Үшеуі — бала. Тағы 30 адамды құтқарушылар үйінді астынан алып шыққан.
МӘСКЕУГЕ ЖАУАП
Бұған дейін Зеленский Ресейдің жаппай соққыларынан кейін Украина әскері мен арнайы қызметтеріне жауап беру нұсқаларын әзірлеуді тапсырғанын мәлімдеген.
Оның айтуынша, үш күндік бітім аяқталғаннан кейін Ресей әскері екі тәуліктің ішінде Украина аумағына 1567 дрон мен 56 зымыран ұшырған. Ең ауыр зардап Киевте тіркелген.
Украина басшысы ел үшін баллистикалық зымырандарға қарсы қорғаныс жүйелері мен оған қажетті оқ-дәрілер басты басымдық болып қала беретінін айтты. Зеленскийдің сөзінше, мамыр-маусым айларында украин дипломатиясының жұмысы дәл осы қару-жарақпен қамтамасыз ету деңгейіне қарай бағаланады.
Соңғы айларда Украина Ресей аумағына дрон шабуылдарын күшейтті. БАҚ мәліметінше, Туапсе, Пермь, Чебоксары және Орынбор қалаларына да соққы жасалған. Украина тарапы шабуыл нысаналары қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары мен мұнай өңдеу зауыттары болғанын айтып келеді.