×
474.04
555.01
6.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.04
555.01
6.45

Қазақстандағы ең бай жас миллионер кім?

Бүгін, 11:33
Қазақстандағы ең бай жас миллионер кім?
Ulysmedia.kz коллажы

Forbes Қазақстандағы ең дәулетті жас кәсіпкерлер тізімін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДДСҰ бекіткен анықтамаға сәйкес, 18 бен 44 жас аралығындағы азаматтар жастар санатына кіреді. Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені рейтингінде осы жас санатына кіретін жеті миллионер және бір миллиардер бар.

Ғалымжан Есенов

Рейтингте 19-орынға жайғасқан Ғалымжан Есенов 44 жаста. Alatau City Bank-тің бұрынғы иесі әрі агробизнес өкілі. Дәулеті 564 млн доллар деп бағаланған.

Ол бұған дейін «Кселл» компаниясының ірі акционерлерінің бірі болды. Бүгінде Есенов агроөнеркәсіп бағытына ден қойған. Сейсембаевтар әулетімен бірге құс шаруашылығын («Алель Агро»), алма бағы мен шырын өндірісін («Amalbio»), соядан май шығару және мал азығын өндіру («Уыз Май Индастри») сияқты жобаларды дамытып отыр. Бұдан бөлек, Tamos Education жекеменшік мектебінің құрылтайшыларының бірі.

Айжан Есім

Елдегі ең дәулетті кәсіпкерлер тізімінде 47-орыннан көрінген Алматының экс-әкімі Ахметжан Есімовтің қызы Айжан Есім де әзірге жастар санатында. Оның жасы – 44-те.  Байлығы шамамен 207 млн долларға бағаланған.

Ол «Қазфосфат» компаниясындағы үлесін сату арқылы дәулет жинаған. Бұл кәсіпорын фосфорит өндірумен және фосфорлы тыңайтқыштар, сары фосфор және оның туындыларын шығарумен айналысады.

Қазір Айжан фитнес саласына бет бұрған, KRIDA фитнес-клубының үлесіне ие. Сондай-ақ «Алматынан» және Петропавлдағы нан-тоқаш комбинаттарында да үлестері бар.

Алмаз Алсенов

Ауыл шаруашылығы саласындағы тағы бір ірі кәсіпкер – Алмаз Алсенов те 44 жаста. Ол рейтингте 48-орында, дәулеті – 204 млн доллар.

Оның негізгі бизнесі Швейцарияда орналасқан Harvest Group компаниясымен байланысты. Бұл холдинг ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық деңгейде тарату, логистика, экспорт алдындағы қаржыландыру және сауда несиелеумен айналысады.

2024 жылдың соңында компания Кенияда кеңсе ашып, Момбаса мен Найробиде логистикалық хабтар құруды жоспарлады. Жобаға 12 млн доллар инвестиция салынбақ.

Айғазы Құсайынов

42 жастағы Айғазы Құсайынов рейтингке алғаш рет кіріп отыр. Ол 64-орында, дәулеті –  132 млн доллар.

Ол бастапқыда жылжымайтын мүлік сатып алып, жөндеп, қайта сатумен айналысқан. Кейін әкесінен мұраға алған Халықаралық білім беру корпорациясының иесі болды. Оның құрамында ҚазГАСА, КАУ, колледждер, Digital College, KazGASA School, KAU School және 2026 жылы ашылатын Charterhouse Almaty халықаралық мектебі бар.

Сонымен қатар ол мыс өндіру және өңдеумен айналысады. Қазақстанда бірнеше кен орны бар. Бұған қоса ауыл шаруашылығы жобаларын да дамытып келеді. Бұл бағыттардың бәрін Verum Group холдингі арқылы басқарып отыр.

Нұрәлі Әлиев

41 жастағы Нұрәлі Әлиев рейтингте 41-орында, байлығы –  280 млн доллар.

Ол Capital Holding және Darmen Holding компанияларында бақылаушы үлеске ие. Сондай-ақ Дубай мен Алматыда Donatello қонақүйлерін басқарады. Бұдан бөлек, мейрамхана бизнесі де бар. 2025 жылы ол «Транстелеком» компаниясындағы үлесін сатты.

Асқар Байтасов

41 жастағы ресторатор Асқар Байтасов рейтингте 68-орында, дәулеті 112 млн доллар.

Негізгі табыс көзі –  50-ден астам мейрамхананы біріктіретін ABR холдингі. Сондай-ақ ABR Tech әзірлеген abr+ қосымшасы бар.

Тимур Турлов

38 жастағы Тимур Турлов –  тізімдегі ең бай кәсіпкер. Ол Freedom Holding Corp. негізін қалаушы. Байлығы –  5,2 млрд доллар, рейтингте 6-орында.

Оның негізгі активі –  Freedom холдингіндегі 70% үлес. Компания құрамына банк, инвестициялық және сақтандыру құрылымдары, сондай-ақ Freedom Travel, Ticketon, Arbuz.kz, Freedom Media, Freedom Telecom сияқты сервистер кіреді.

Сонымен қатар оның Turlov Private Holding арқылы да активтері бар: Сарыарқа әуежайы, цемент зауыты, Citix, Freedom Mobile, Freedom Drive, Tatler Kazakhstan журналы және «Шахтер» футбол клубы соның ішінде.

Шахмұрат Мүтәліп

35 жастағы Шахмурат Мүтәліп – еліміздегі ең жас миллионер. Ол рейтингте 22-орында, байлығы шамамен 482 млн доллар.

Ол Integra Construction KZ компаниясының негізгі құрылтайшысы. Компания КАМАЗ зауыты, Көлік инфрақұрылымы, порттар мен әуежай жобалары сияқты ірі құрылыс және инфрақұрылым нысандарын жүзеге асырады.

Мүтәліп бизнес аясын кеңейтіп, «Алтыналмас» алтын өндіру компаниясын сатып алуға кіріскен. Бұдан бөлек ERG мен «Қазцинк» сияқты ірі активтерге де қызығушылық танытқаны хабарланған.

Серіктес жаңалықтары