Қазақтанда су тапшылығы мәселесін шешу үшін жасанды жаңбыр технологиясын қолданады. Бұл туралы Тоқаевтың БҰҰ Дүниежүзілік метеорология ұйымының президентімен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бүгін Қазақстан президенті БҰҰ Дүниежүзілік метеорология ұйымының президенті, БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Әл-Мандусты қабылдады. Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның арнаулы мекемесі саналатын Дүниежүзілік метеорология ұйымы климат, ауа райы, су ресурстары және табиғи апаттардың қатерін азайту бағытындағы жаһандық ынтымақтастықты ілгерілетуде негізгі рөл атқаратынын атап өтті.
Мемлекет басшысы мен Ұйым жетекшісі Қазақстан үшін стратегиялық мәнге ие климат мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, ерте хабарлау жүйесін дамыту, метеорологиялық инфрақұрылымды жаңғырту және ғылыми деректер алмасу өте маңызды.
Бұдан бөлек, өңірлік және жаһандық деңгейдегі су қауіпсіздігі мен су ресурстарын басқару мәселелерін шешудің өзектілігіне мән берілді. Бұл ретте Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасының маңызы айрықша.
“Түркістан облысы БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен бірге су қоймаларын толтыру және ауыл шаруашылығы жерлеріне су жеткізу мақсатында жауын-шашынды жасанды жолмен шақыратын бастаманы жүзеге асырады. Аталған жоба биыл 17 мамырда іске қосылады. Осылайша, Қазақстан өңірде жасанды жаңбыр технологиясын пайдаланған алғашқы ел болмақ”, – дел мәлімдеді Ақорда.
2026 жылы Қазақстанның оңтүстік өңірлері тағы да суармалы су тапшылығына тап болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨҢІРЛЕРДЕГІ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ
Еске салайық, бұдан бұрын Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов биыл жазда елдің оңтүстігінде су мәселесі күрделенетінін ашық айтқан. Кейбір диқандар қазірдің өзінде су жетіспей жатқанын айтып шағымдана бастаған.
Үкімет басшысы әр тамшы су қатаң есеппен берілуі керек екенін ескертті.
«Жалпы, су тапшылығы болады, оны қазірдің өзінде көріп отырмыз. Әр облысқа лимит бекітілген, соны қатаң бақылау қажет. Министрліктің рұқсатынсыз бір тамшы су да берілмеуі керек», — деді премьер.