Ресей, Қытай және АҚШ Еуроодаққа қарсы «бөліп ал да, билей бер» саясатын ұстанып отыр. Бұл жөнінде одақтың бас дипломаты Кая Каллас мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.
«БӨЛІП АЛ ДА, БИЛЕЙ БЕР»
Кая Калластың сөзінше, Ресей, Қытай және АҚШ Еуропаның бөлшектенгенін қалайды.
– Бұл державалар Еуроодақтың бөлінгенін не себепті қалайды? Себебі біз бірге мықтымыз. Олар Еуроодақты жақсы көрмейді, бұл айқын нәрсе. Бірақ біз олардың Еуроодақты не үшін жақтырмайтынын түсінуіміз қажет. Қытай не себепті жақтырмайды, Ресей не үшін жақтырмайды? Егер біз бір болсақ, бірлесіп әрекет жасасақ біз олармен теңбіз, мықтымыз, – деді ол Таллинде өткен Леннарт Мери атындағы конференцияда.
Калластың пікірінше, «Менің сіздермен қарым-қатынасым өте жақсы, бірақ Еуроодақты жақтырмаймын» деу арқылы АҚШ «бөліп ал да, билей бер» саясатын ұстанып отыр.
«БӨЛІП АЛУ САЯСАТЫ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР»
Кая Каллас Еуроодаққа мүше елдерді ұйымды әлсіретуге жол бермеуге шақырды. Ол кейбір мемлекеттер одақтан тыс АҚШ-пен екі жақты келісімдер жасасып жатқанына алаңдаушылық білдірді.
– Мен кейбір елдердің дәл осы бағытта кетіп бара жатқанын көріп, алаңдап отырмын. Бөліп алу шынымен де жұмыс істеп жатыр, – деді ол.
ШРЕДЕР ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ШАТАҚ
Бұған дейін, Кая Каллас Германияның бұрынғы канцлері Герхард Шредерге қатысты да пікір білдірді. Ресей президенті Владимир Путин Шредерді Еуроодақ пен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздерде ресми өкіл етіп тағайындауды ұсынған. Германия оған қарсылық білдірген.
– Егер біз Ресейге біздің атымыздан келіссөз жүргізетін адамды тағайындауға құқық берсек, бұл аса ақылға қонымды шешім болмайды, – деді Кая Каллас 11 мамыр күні Брюссельде өткен ЕО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі алдында.
Герхард Шредер 1998-2005 жылдары аралығында Германияның канцлері болған. Сол жылдары оның Владимир Путинмен қарым-қатынасы өте жақын болды.
2005 жылы қыркүйек өткен парламент сайлауда жеңілгеннен кейін Герхард Шрёдер саясаттан алыстап, мұнай-газ саласында жұмыс істей бастады. Оның мансабы Ресеймен тығыз байланысты болды. 2005 жылдың соңында экс-канцлер «Солтүстік-еуропалық газ құбыры» компаниясыныңбақылау кеңесінің төрағасы атанып, компания «Солтүстік ағын» жобасымен айналыса бастады. Ал 2006 жылы компания акционерлері комитетінің басшысы тағайындалды. Германияда Герхард Шредерді Путиннің Еуропадағы лоббисті деп жиі сынайды.