Bank of America картасынан қаражаты жоғалған қазақстандық журналист ақшасы қалай қайтарылғанын айтып берді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Ерке Жұматайдың айтуынша, жеке картасына Нью-Йорктегі белгісіз медициналық орталық 94 доллар 53 цент алғаны туралы хабарлама келеді. Бірақ ол мекемеге ешқандай төлем жасамаған. Тіпті ол мезетте Нью-Йоркте болмаған да.
- Бірден банктің клиенттерді қолдау орталығына хабарластым. Жағдайды түсіндірдім. 30 мин сөйлестік. Картаны бұғаттады. Онлайн төлемдер тоқтап қалмас үшін уақытша виртуалды карта нөмірін берді. Ақша алған күмәнді медициналық орталық картамнан болашақта қайта ақша ала алмайтындай етіп бұғатталды. Жаңа картаны менің нақты мекенжайыма тегін жіберді. Жаңа карта 2 жұмыс күнінің ішінде келді,- деп жазады Америкада оқып жатқан журнналист.
Ең бастысы банк күмәнді, алаяқтық болуы мүмкін деп танылған 94 доллар 53 центті өз есебінен оның шотыма қайтарып берген.
- Егер бұл расымен алаяқтық болса ақша толықтай сізде қалады.
Егер төлемді өзіңіз жасағаныңыз дәлелденсе сома кейін қайтарылады, – деп түсіндірген.
Тексеру 3 аптадан 90 күнге дейін созылуы мүмкін екен.
- Қоңырау барысында маған көп сұрақ қойды:
Бұған дейін осындай жағдай болды ма?
Картаны басқа біреу қолдануы мүмкін бе?
Соңғы операциялар туралы ақпарат.
Мен бұл бірінші жағдай екенін айттым, - дейді ол.
Еркеге ең ұнағаны – олардың жылдамдығы. Айтылған мәселенің бәрі шамамен 30 минуттың ішінде бір ғана қоңырау соғу арқылы шешілген.