Кәсіби биші Әнел Қалиева өз командасы 21 мамыр күні Алматыда өткен ресейлік әнші Моттың концертінде өнер көрсетуден бас тартқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жанжалқұмар емеспін»
Хореографтың айтуынша, концертке дайындық кезінде жергілікті бишілерге құрметсіздік көрсетілген.
«Мен негізі мүлдем жанжалқұмар адам емеспін. Егер маған тиіп кетпесе, күліп жүре беремін. Бүгін біздің команда Моттың концертінде билеуі керек болған, бірақ біздің адамдарға сыйластық танытпайтынын байқап, билемейміз деп шештік! Солай үйге қайтып кеттік. Өмірімде бірінші рет осындай жағдайға тап болдым», – деп жазды Әнел.

Бишінің пікірінше, қонақ болып келген жерде ең бірінші кезекте жергілікті мамандарға деген сыйластық пен кәсібилік таныту керек.
“Қайрат Нұртаспен билеймін”
Әнелдің бұл әрекетін сынға алып, екінің біріне бұйыра бермейтін мүмкіндіктен айырылдың деп айыптағандар да болыпты. Алайда биші Мотпен билеуді мақтаныш көрмейтінін мәлімдеді.
«Ол қандай мүмкіндік? Мен Қайрат Нұртаспен билеймін 24-і күні. Мен үшін сол мүмкіндік, сол аңыз, ал не істейсің?» – деп жауап берген ол.
Мот деген кім?
Мот (шын аты — Матвей Мельников) — ресейлік рэпер, әнші әрі ән мәтіндерінің авторы. Ол 1990 жылы 2 наурызда Краснодар өлкесіндегі Крымск қаласында дүниеге келген. Кейін отбасымен Краснодарға көшіп, бала күнінен би мен музыкаға әуестенген.
15 жасында Мәскеуге қоныс аударып, хип-хоппен айналыса бастайды. Мектепті алтын медальмен тәмамдап, кейін Мәскеу мемлекеттік университеті-не экономист-менеджер мамандығына оқуға түскен.
Музыкалық мансабын 2006 жылы бастады. Алғашқы альбомы — Remote — 2011 жылы шыққан. 2013–2022 жылдары Black star Inc. лейблінің әртісі болды. Осы кезеңде ол кең танымалдыққа ие болып, «Капкан», «Сопрано», «Мурашками», «Август — это ты» секілді хит әндерді шығарды.
Мот поп-рэп, хип-хоп және соул жанрларында ән айтады. Ол Тимати, Ани Лорак, Jah Khalib, Егор Крид секілді орындаушылармен бірге жұмыс істеген.
Жеке өміріне келсек, 2016 жылы модель Мария Гуральға үйленген. Ерлі-зайыптылардың Соломон есімді ұлы бар.