Ақтаудағы «Қасиет» клиникасы облыстық мәслихат депутаты, 49 жастағы Ербол Айтуовтың қайтыс болуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Белгілі болғандай, Кәсіпкерлер палатасындағы комитеттердің біріне жетекшілік еткен Ербол Айтуов иек тұсындағы артық майды алу және мойын бұлшықеттерін тарту операциясын жасату үшін клиникаға жүгінген. Ота 4 сәуірге жоспарланған болатын.
«КТК» телеарнасының хабарлауынша, 25 мамыр күні клиниканың бас дәрігері жоспарланған операцияның жасалмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, науқастың жағдайы наркоз енгізілгеннен кейін күрт нашарлағандықтан, дәрігерлер операцияны жалғастырудан бас тартқан.
«Наркоз салынғаннан кейін операция бөлмесіне кіріп, монитордағы көрсеткіштерді қарадым. Қан қысымы 210–220-ға дейін көтеріліп кеткен екен. Мұндай жағдайда ота жасауға болмайды. Әр адамның ағзасы наркозға әртүрлі әсер береді, сондықтан біраз күттік. Алайда бір сағат ішінде қан қысымы төмендемеген соң, операцияны тоқтату туралы шешім қабылдадым», – деді Артур Тәжиев.
Сот-медициналық сараптама жүргізілмеген
Кейін анықталғандай, Ербол Айтуовтың тек қан қысымы ғана емес, қандағы қант деңгейі де қатты көтерілген. Соның салдарынан инсульт алып, комаға түскен. Ол бір ай бойы есін жимастан жатып, мамыр айының басында қайтыс болған.
Марқұмның отбасының адвокаты Алдырза Қуанышкереевтің айтуынша, мәйітке сот-медициналық сараптама жүргізілместен жерленген.
«Айтуов қайтыс болғаннан кейін қылмыстық іс қозғалды. Енді жауапты тұлғаны анықтап, өлімнің нақты себебін белгілеу қажет. Алдымен оның не себепті комаға түскенін, одан кейін неден қайтыс болғанын анықтау керек. Кінәлі адамдар болса, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді адвокат.
Оқиға қашан болды?
Еске салайық, 49 жастағы депутат иек астындағы артық майды липосакция әдісімен алдыру үшін клиникаға жүгінген. Ота 4 сәуір күні жасалған.
Операциядан кейін ер адамның жағдайы күрт нашарлаған. Жұбайының айтуынша, наркоз кезінде қиындық туындап, соның салдарынан ишемиялық инсульт болған. Депутат комаға түсіп, бір айдан кейін қайтыс болған.
Осы оқиғадан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті аталған клиникаға тексеру жүргізген. Тексеру барысында бірқатар заңбұзушылық анықталған.
Ербол Айтуов жайлы
Ербол Айтуов Маңғыстау облыстық мәслихатына «Ақ жол» партиясынан сайланған. Ол мәслихат құрамына 2024 жылдың желтоқсанындағы қосымша сайлау нәтижесінде өткен.
Саясатқа дейін мұнай сервистік салада еңбек еткен. Маңғыстау облысы бойынша KazPetroDrilling акционерлік қоғамы вице-президенті қызметін атқарған. Ашық дереккөздерде оның бұрын KAZBURINVEST компаниясын басқарғаны да жазылған.
Редакция клиникамен байланысуға тырысқанымен, қоңыраулар мен хабарламаларға жауап болмаған. Ал Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме әзірлеп жатқанын хабарлады.