Алматы халқы соңғы кезде қала ішінде шыбын-шіркей қаптағанын айтып, дабыл қаққан болатын. Осыған байланысты мамандар пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі таңда шыбын-шіркейдің қаптауына байланысты зерттеу жүріп жатыр және бұл маусымдық табиғи процесс. Қала ішінде жәндіктердің көбею себебін Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты анықтап жатыр.
“Алматыда жасыл желекті шыбын-шіркейге қарсы дәрілеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алдын ала қорытындыға сәйкес, шыбын-шіркейдің артуына ауа райының жылынуы, ылғалдың көбеюі, өсімдіктердің қаулап өсуі және арық желісінің ерекшеліктері әсер еткен”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ дәрілеу кезінде пайдаланылатын препараттар қауіпсіз әрі олардың адамға, құс пен қоршаған ортаға зиянсыз екені айтылды.