Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, бұрынғы президент Дмитрий Медведев Украинадағы және НАТО-ға мүше мемлекеттердегі атом электр станцияларына қатысты мәлімдеме жасап, белгілі бір жағдайда «симметриялық жауап шаралары» қабылдануы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МЕДВЕДЕВ МӘЛІМДЕМЕСІ
Медведевтің мәлімдемесі Ресей тарапының Запорожье атом электр станциясына шабуыл жасалды деген айыптауларынан кейін жарияланды.
«Росатом» мемлекеттік корпорациясының басшысы Алексей Лихачевтің айтуынша, Украина әскері талшықты-оптикалық басқару жүйесімен жабдықталған дрон арқылы Запорожье АЭС-інің алтыншы энергоблогының машина залына соққы жасаған. Оның сөзінше, шабуыл салдарынан ғимарат шатырына зақым келгенімен, негізгі жабдықтар бүлінбеген.
Ал Украина Қарулы күштері бұл айыптауларды жоққа шығарды. Украина тарапы халықаралық құқық талаптарын, соның ішінде атом нысандарына шабуыл жасауға тыйым салатын Женева конвенцияларын сақтайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ Киев мұндай сипаттағы шабуылды жүзеге асыруға техникалық мүмкіндігі жоқ екенін алға тартты.
РЕСЕЙЛІК БАҚ НЕ ДЕЙДІ?
Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, Дмитрий Медведев өзінің MAX мессенджеріндегі арнасында атом электр станциясының реакторы немесе машина залы елеулі зақымданған жағдайда бұл жағдайдың ауқымды техногендік апатқа әкелуі мүмкін екенін жазған.
Оның пікірінше, мұндай оқиға салдары жағынан тактикалық ядролық қаруды қолданумен теңесуі ықтимал. Осыған байланысты Медведев Ресей тарапынан Украинадағы атом электр станцияларына, сондай-ақ қақтығысқа қатысы бар деп саналатын НАТО елдеріндегі АЭС нысандарына жауап шаралары қарастырылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысты тараптардың мәлімдемелері бір-біріне қайшы келеді және тәуелсіз дереккөздер арқылы толық расталған жоқ.
Бұған дейін Ресей Украинаны «Орешник» зымырандарымен атқылаған болатын.