Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Күдряшов ауылының тұрғындары жергілікті әкімнің жұмысына көңілдері толмайтынын айтып, оның қызметтен кетуін талап етуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БІЛІКТІ ДӘРІГЕР ЖОҚ
Екі мыңнан астам тұрғыны бар ауыл халқының айтуынша, елді мекенде қазіргі уақытта білікті дәрігер жоқ. Сонымен қатар ауылдағы жалғыз жедел жәрдем көлігі де басқа жерге берілген. Тұрғындар бұл жағдай медициналық қызметтің қолжетімділігіне кері әсер етіп отырғанын алға тартады.
Ауыл тұрғындарының мәліметінше, шамамен екі апта бұрын олар жергілікті әкімге қатысты ұжымдық арыз дайындап, тиісті мемлекеттік органдарға жолдаған. Арызда ауыл басшысының екі жылдық қызметі барысында әлеуметтік мәселелерді шешуде нақты нәтижеге қол жеткізе алмағаны көрсетілген.
ПРОБЛЕМА ШАШ-ЕТЕКТЕН
Тұрғындардың пікірінше, ауылдағы өзекті проблемалар әлі күнге дейін шешімін таппаған. Осыған байланысты олар әкімді қызметінен босату мәселесін қарастыруды сұрап отыр.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда. Дегенмен, әзірге Атырау облысы әкімдігі мен өзге де құзырлы мемлекеттік органдар аталған мәселеге қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындары медициналық қызмет көрсету мәселесі мен өзге де әлеуметтік түйткілдердің қалай шешілетінін күтуде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Иғали қаза тапқанын жазған болатынбыз.