Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов өзінің туған күніне орай жазбасында 39 жылдан бері туған күнін тойламай келе жатқанын айтты. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, 1987 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының (Нархоз) 3-курс студенті болған кезде 25 жасқа толуын атап өтпек болып, курстастарын туған күніне шақырған. Мерекеге дайындықпен жүріп, емтиханға жеткілікті деңгейде дайындала алмаған.
– 1987 жылдың 1 маусымында «Советское право» пәнінен емтихан тапсырып, «4» деген баға алдым. Оған дейін барлық емтихандарды тек «5»-ке тапсырып келген едім. Сол сәт мен үшін үлкен сабақ болды, – деп жауап берді “Ұлысмедианың” сұрағына депутат.
Содан кейін бар күш-жігерін оқуға арнаған. Оның сөзінше, 1987 жылғы оқиғадан кейін туған күнін қайта тойламаған.
Депутат туған күнін атап өтудің орнына, соңғы 30 жылдан астам уақыт бойы қайырымдылықпен айналысып, балалар үйлеріне қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізді.
- Кеше архивімнен сол кезден қалған кітапты алып шығып, тағы бір парақтап шықтым. Содан бері де 39 жыл өтіпті, - деді ол.