Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қазақстаннан Польша, Түркия және Кипр бағыттарына тікелей рейстер ашылатынын мәлоімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Спикердің айтуынша, биыл 31 мамырда польшалық LOT Polish Airlinesәуе компаниясы Алматы – Варшава бағыты бойынша тікелей тұрақты рейсін іске қосты.
«Жаңа рейс жазғы маусымда аптасына төрт рет, ал қысқы маусымда аптасына үш рет орындалады деп жоспарланып отыр. LOT авиакомпаниясы Варшава – Астана бағыты бойынша да тұрақты рейстер орындайды. Алматы – Варшава жаңа бағытының ашылуы Қазақстан мен Польша арасындағы көлік байланысын кеңейтеді», – деді ол брифингте.
Сонымен қатар ол 2026 жылғы 31 шілдеден бастап SunExpress әуе компаниясы Алматы-Измир бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосатынын айтты. Бұл рейстер 2026 жылғы қазан айының соңына дейін аптасына екі рет орындалады.
Бұдан бөлек, 2 маусымнан бастап Air Astana Астана – Ларнака бағыты бойынша аптасына екі рет тікелей рейстер іске қосылады.Сондай-ақ 4 маусымнан бастап Алматы – Ларнака бағыты да ашылып, рейстер аптасына екі рет (бейсенбі және жексенбі күндері) орындалады.
Жетібаевтың айтуынша, бұл жаңа бағыттар Қазақстан мен аталған елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, іскерлік қатынастарды дамытуға және азаматтар үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.