Шымкенттегі балабақшадағы бананға қатысты видео қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Шымкент қаласындағы «Балымша» жекеменшік балабақшасына қатысты видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, көпшіліктің наразылығын тудырды.
Желіде жарияланған бейнежазбада тәрбиешілердің балалардың қолына банан ұстатып жатқанын көруге болады. Алайда видеоға қатысты пікір қалдырған кейбір қолданушылар суретке түсіру аяқталғаннан кейін жемістердің балалардан қайта жиналып алынғанын алға тартқан.
Бұл ақпарат қоғамда қызу талқыланып, ата-аналар мен желі қолданушылары түрлі пікір білдірді.
«Осыдан кейін баланы балабақшаға қалай сеніп тапсырасың?», «Қызметкерлерді бір жыл тегін жұмыс істетіп, жалақысының орнына банан алып беріп отырсын», «Балалар бананға қарап қалып қойғаны өкінішті. Осындай видеоларды көргенде жүрек ауырады», – деп жазды желі қолданушылары.
Оқиғаға байланысты Шымкент қаласының Білім басқармасы тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған бейнежазба 2026 жылдың ақпан айында түсірілген. Тексеру барысында балабақша меңгерушісі мен қызметкерлерінен түсініктемелер алынған.
Видеоны зерделеу нәтижесінде оқиғаның 2026 жылдың ақпан айында болғаны анықталды. Қазіргі уақытта мекеме басшылығы мен қызметкерлерден түсініктемелер алынды. Сондай-ақ бейнежазбада көрінетін бес қызметкердің үшеуі бүгінде жұмыстан кеткені белгілі болды, – деп хабарлады Білім басқармасы.
НЕНДЕЙ ШЕШІМ ШЫҚТЫ?
Сонымен қатар басқарма бұл жағдай бойынша құзырлы мемлекеттік органдарға ресми хаттар жолданғанын мәлімдеді.
Аталған дерекке байланысты Шымкент қаласының Білім басқармасы Полиция департаментіне, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тиісті материалдарды жолдады. Қорытынды шешім құзырлы органдардың тексеру нәтижесіне сәйкес қабылданады, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.