Марқұм Яна Легкодимованың анасы қызының өліміне кінәлі деп танылған сотталғандардың жазасын қай жерде өтеп жатқанын білмек болған. Ол осы сұрақпен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне жүгінгенімен, нақты жауап ала алмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚПАРАТТЫ НЕГЕ ЖАСЫРЫП ОТЫР?
"Ақ Жайық" басылымының жазуынша, Галина Легкодимоваға жолданған ресми жауапта сотталғандардың заңды күшіне енген үкім бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқаны ғана айтылған. Ал олардың нақты қай мекемеде отырғаны құпия ақпарат ретінде көрсетілмеген.
Комитет сотталған адамның басқа мекемеге ауыстырылғаны туралы мәлімет тек оның жақын туыстарына немесе сотталған адамның өзі көрсеткен адамдарға ғана берілетінін түсіндірген. Сондай-ақ жеке іс құжаттарындағы деректер жария етілмейтіні айтылған.
Басылымның жазуынша, қазір сотталғандардың қайда жазасын өтеп жатқанына қатысты түрлі болжамдар тарап жатыр. Бұған дейін олардың өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар отыратын "Қара бүркіт" мекемесіне жіберілгені айтылған. Алайда бұл ақпарат та, кейін шыққан басқа бейресми деректер де ресми түрде расталған жоқ.
МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ НЕ ДЕЙДІ?
Галина Легкодимова мұндай сұрауды жай қызығушылықпен емес, қызын өлтірген адамдардың заңда қарастырылған тиісті мекемеде жазасын өтеп жатқанына көз жеткізу үшін жолдағанын айтты.
Мен енді ғана өз-өзіме келе бастадым. Бұл сұрауды олардың шынымен тиісті жерде отырғанын білу үшін ғана жібердім. Жаңа өмір бастап, басқа қалаға көшіп, әрі қарай өмір сүруді үйренгім келді. Бірақ бұл оқиға әлі де жанымды жібермей тұр. Маған олардың өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқанын және мұндай қылмыс жасаған адамдарға арналған жағдайда отырғанын білу маңызды, – деді марқұмның анасы.
Еске салсақ, бұған дейін Атырауда Яна Легкодимованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандар үкімді қайта қарауға тырысып жатқанын жазған едік.
ЯНАНЫҢ ӨЛІМІ
Іс материалдарына сәйкес, Яна Легкодимова 2024 жылдың 18-інен 19 қазанына қараған түні өлтірілген. Оның денесі тек 8 айдан кейін 2025 жылдың маусымында табылған. Полиция күдіктілерге Янаның күнделігі арқылы шыққан.
Тергеу нұсқасы бойынша, Легкодимованың жігіті Хайржанов оны көлікте тұншықтырған, ал досы Катимов көліктің есігін жауып, қыздың қашып шығуына жол бермеген. Кейін олар мәйітті қала сыртына апарып, Талдыкөл ауылы маңындағы Жайық өзеніне тастаған.
ҮКІМ
Еске салайық, былтыр 17 қарашада Яна Легкодаимованы өлтіргендерге сот үкімі шыққан болатын. Күдікті Ризуан Асланов пен Алтынбек Катимов өмір бойына бас бостандығынан айырылды.