2026 жылға арналған жаңа жеткіліктілік шектерін жариялаған Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мұндай есеп қайдан шыққанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Қордың хабарлауынша, жинақтарды жас кезде алу зейнеткерлік жасқа жеткендегі болашақ жинақтардың көлемін айтарлықтай азайтады.
“Ең төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) есептеу салымшының қазіргі табысына емес, оның болашақта алуы тиіс нысаналы зейнетақысының көлеміне негізделеді. Ол үшін тиісті жаста зейнетақы шотында болуы керек және тіпті болашақта жарналар аударылмаған күннің өзінде қарттық шақта зейнетақы жинақтарының жеткілікті сомасын қамтамасыз ете алатын ең төменгі жинақ сомасы есептеледі. Мысалы, егер салымшы 20 жаста болса, оның зейнетке шығуына әлі 40 жылға жуық уақыт бар. Осы кезеңде оның жинақтары инвестицияланып, инвестициялық кіріс әкелуі және болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуі тиіс”, – делінген қор түсініктемесінде.
Егер жас азамат қандай да бір себеппен зейнетақы жарналарын аударуды тоқтатса да, оның шотында 6 миллион теңгеден астам қаражат жиналған болса, бұл қаржы инвестициялық табыстың арқасында өсіп, зейнет жасына жеткенде ең төменгі зейнетақы деңгейінен кем емес төлем алуға мүмкіндік береді
Зейнетақы қоры ТЖШ шамасы да болашақта зейнетақы төлемдерінің мақсатты мөлшерін қамтамасыз ету үшін қажетті есептік деңгейден төмен болмауы тиіс екенін ескертті.
“Жастар үшін ТЖШ-ның жоғары мәндері олардың болашақта қандай мақсатты зейнетақы алуы керек екендігімен анықталады. Нысаналы төлемдер халықаралық стандарттарға сай келетін зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі әлеуметтік стандарттарынан аз болмауы керек. ХЕҰ (Халықаралық еңбек ұйымы) ұсынымына сәйкес, кірісті алмастырудың ең төменгі коэффициенті (КАК) – зейнетақының зейнетке шығар алдындағы еңбек табысына арақатынасы – 40%-дан төмен болмауы шарт”, – дейді қор өкілдері.
Контекст
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2026 жылға арналған жаңа жеткіліктілік шектерін жариялады. Осылайша, биыл зейнетақы жинағының артық бөлігін пайдалануға мүмкіндік беретін шек екінші рет өсіп отыр.