×
484.78
558.66
6.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
484.78
558.66
6.6

"Құдыққа лақтырған": Қызылорда облысында туыстары інісі ағасын өлтірді дегенге сенбейді

Бүгін, 17:30
"Құдыққа лақтырған": Қызылорда облысында туыстары інісі ағасын өлтірді дегенге сенбейді
Фото: Pexels

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында құдықтан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды. Марқұмның денесі көгерген, мойнында жіптің іздер бар дейді жақындары. Ең сорақысы, жас жігітті өлтірді деген күдікпен 15 жастағы туған інісі қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

«31 арнаның» хабарлауынша, қайғыдан қан жұтқан отбасы полицейлердің бұл шешімімен келіспейді. Олар мектеп оқитын баланың өз ағасына қастандық жасауы мүмкін емес деп отыр. Бір ұлын жер қойнына тапсырып, енді бірін абақтыдан арашалай алмай жүрген ата-ананың жүрегі қарс айырылады.

Олардың айтуынша, 30 мамырда Мейіржан Рүстем үйінің есік алдына төсегін салып, далада түнеген. Бірақ таң атқанда 20 жастағы жігіт ұшты-күйлі жоғалған. Жақындары іздеуге кірісіп, тек бір тәуліктен кейін су құбырының құдығынан мәйітін тапқан.

“Сыртында ала көрпесі болады. Сол көрпеге тұншықтырып енді, ол бір адамның ісі емес. Мен өзім сол баланы шығарып салар сәтте соңғы рет көріп қалайыншы дедім. Сол кезде оның мына жерінің бәрінде көгерген дақ тұр. Ол бір адамның ісі емес. Ол жаны шығамын дегенше 2-3 адаммен алысқан ғой. 15 жастағы ұлымды күдікті деп ұстап отыр”, – дейді марқұмның анасы Кенже Дүйсенбиева.

Бірақ марқұмға туған інісі қастандық жасады дегенге жақындары сенбейді. Оның үстіне тепсе темір үзетін жігітке оқушының шамасы да жетпейді деп отыр. Шыр-пыр болған ата-ана ұлымызды бұған дейін үйімізден ақшаны қолды қылған ұрылар азаптап өлтірді деп топшылайды.

“Үйде ақша ұрланып жатыр дедік. Екі күн бұрын подряд ақша ұрланса да, үйде ақша қай жерде тұрды деп те ешкім сұрамайды. Айтасың түнде үште күдікті жүрген деп, оны іздемейді. Айналып кішкентай балаға жабысып тұр ғой. Не істерімізді білмей қалдық. Баламның қайғысы жайына қалды. Қайғымыз мына бала болып кетті. Бұл балаға бір бәле қылып іліп жібере ме деп”, – дейді марқұмның әкесі Ғани Жұпарбаев.

Ал “адам өлтіру” бабымен іс қозғаған полиция тергеу заң аясында жүргізіліп жатқанын жеткізді.

“Күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайы жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Барлық тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қолданылуда”, – дейді Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Байсейітов.

Қанды қылмыстың жай-жапсары әзірге белгісіз. Ал, шарасыз күйге түскен ата-ана арыз-шағымымызды Ішкі Істер министрлігіне жеткізуден басқа амалымыз қалмады деп отыр.

Серіктес жаңалықтары