×
487.73
558.99
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.73
558.99
6.63

Қазақстан Ормуз бұғазында терминал салады: онда не болады?

Бүгін, 09:48
Қазақстан Ормуз бұғазында терминал салады: онда не болады?
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстан Ирандағы Шахид Раджаи порты аумағында терминал салуды жоспарлап отыр. Бұл мақсат үшін елімізге 15 гектар жер бөлінген. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

«Менің білуімше, шамамен 15 гектар жер бөлінді. Соңғы оқиғаларға байланысты бұл бағыттағы жұмыстар біраз уақытқа тоқтап қалған еді, бірақ қазір қайта жалғасады. Біз бұл терминалды ирандық компаниялармен бірлесіп игеретін боламыз. Бұл – өте үлкен порт. Мен арнайы барып көрдім. Инфрақұрылымы жақсы дамыған, оның ішінде мемлекет тарапынан да жоғары деңгейдегі инфрақұрылым салынған», – деді Серік Жұманғарин.

Қазақстан бұл жерде өз терминалын салып, терминалдық және контейнерлік қуатын арттыруды көздеп отыр.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары Иранға қатысты санкциялар алынған жағдайда екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды өсетінін айтты.

«Біздің Иранға экспорттай алатын да, Иран арқылы басқа елдерге жеткізе алатын да тауарларымыз өте көп. Иран арқылы біз Парсы шығанағына, одан әрі Шығыс Африкаға, Оңтүстік-Шығыс Азияға, Үндістан мен Пәкістанға шыға аламыз. Бұл нарықтардың мүмкіндігі өте көп», – деді Жұманғарин.

Қазақстанға трансауған бағыты не үшін қажет?

Серік Жұманғарин Қазақстанның трансауған көлік бағытын дамыту мүмкіндігін де қарастырып жатқанын айтты.

«Егер біз бұл жобаны соңына дейін жеткізсек, Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы Спин-Болдак құрғақ портына шығуды жоспарлап отырмыз. Одан әрі Карачи портына жол ашылады. Бұл да оңтүстік теңіздерге шығудың тағы бір мүмкіндігі. Бізде Шығыс-Батыс бағыты бар, бірақ көлік қатынасын толық әртараптандыру үшін Қазақстанға теңіз порттарына қолжетімділік аса маңызды. Бұл – еліміздің болашақтағы дамуының кепілі», – деді Ұлттық экономика министрі.

Контекст

Бұған дейін Иран Қазақстанға Шахид Раджаи порты аумағынан жер телімін бөлуге келісім бергенін хабарлаған болатын. Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін бұл жер учаскесі Қазақстан жағына ресми түрде беріледі. Сондай-ақ Иран Қазақстанға Чабахар порты арқылы жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынды. Бұл порт Қазақстанға Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарына тікелей шығуға жол ашады.

Иранның жол және қала құрылысы министрі Фарзане Садекнің айтуынша, Захедан – Чабахар теміржол желісі құрылысы 90 пайыздан астам аяқталған. Жобаны пайдалануға беру алдағы айларға жоспарланған. Теміржол іске қосылғаннан кейін Чабахар порты Үнді мұхитын, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын халықаралық теміржол желісінің маңызды торабына айналады. Бұл Қазақстан үшін жаңа экспорттық бағыттарды ашып, халықаралық көлік-логистикалық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары