Ресей президенті Владимир Путин Украинаның дрон шабуылына қатысты алғаш рет пікір білдірді. Ол елдегі жанармай тапшылығы соғысқа әсер етпейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Владимир Путин Украина дрондарының мұнай инфрақұрылымына жасаған соққыларынан кейін елде туындаған жанармай тапшылығына қатысты пікір білдірді.
23 маусымда үкімет мүшелерімен бейнеконференция форматында өткен кеңестен кейін Путин бұл шабуылдардың майдандағы жағдайға әсер етпейтінін айтып, «Ресей әскері белді мекендерді бірінен соң бірін азат етіп жатыр» деп мәлімдеді.
Кеңес барысында Ресей премьер-министрінің орынбасарлары Александр Новак пен Марат Хуснуллин баяндама жасады. Александр Новак ішкі нарықтағы жанармайға қатысты жағдайды «оңай емес, бірақ бақылауда» деп бағалап, тапшылықты «кейбір өңірлер мен жекелеген жанармай құю бекеттерінде туындаған логистикалық қиындықтармен» байланыстырды.
Новактың сөзінше, билік Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуатын барынша арттырып, жоспарлы жөндеу жұмыстарын кейінге шегерген әрі оларды аяқтау мерзімін қысқартқан. Сондай-ақ жанармай жеткізу мәселесінде аннексияланған Қырым мен Севастопольге, шекаралас өңірлерге, Қиыр Шығысқа және Калининградқа ерекше назар аударылып отырғанын айтты.
Кейінгі уақыттары Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына дрон шабуылын жиілеткен. Жақында Мәскеу қаласының мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуыл әлем назарын өзіне аударған.