×
486.19
554.26
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
486.19
554.26
6.51

Украинаның дрон шабуылынан кейін Севастополь қаласы жарықсыз қалды

Бүгін, 14:07
Украинаның дрон шабуылынан кейін Севастополь қаласы жарықсыз қалды
АР

Украинаның дрон шабуылынан Ресей аннексиялап алған Қырымдағы Севастополь қаласы электр жарығынсыз қалды. Нижегород және Белгород облыстарында екі адам қаза тауып, тағы екеуі жараланды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Украина бірқатар өңірлер мен аннексияланған Қырымға ауқымды дрон шабуылын жасаған.

Министрлік 24 маусым таңертең таратқан ақпаратқа қарағанда, Ресейдің әуе қорғаныс күштері 323 ұшқышсыз ұшу аппаратын (дронды) атып түсірген.

Ресей тарапының мәліметіне сәйкес,дрондар Астрахан, Белгород, Брян, Воронеж, Волгоград, Калуга, Курск, Липецк, Нижегород, Орёл, Орынбор, Пенза, Ростов, Рязань, Саратов, Смоленск, Тула, Мәскеу, Красодар өлкесі аумақтарын, сондай-ақ Қырым түбегі мен Азов теңізі және Қара теңіз аумағында атып түсірілген.

Бұл Ресей аумағына жасалған соңғы уақыттағы ең ауқымды дрон шабуылдарының бірі ретінде бағалануда. Украина тарапы бұған қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Жарықсыз қалған Севастополь

Украина шабуылы салдарынан Ресей аннексиялап алған Қырымдағы Севастополь қаласы электр жарығынсыз қалды.

Ал Нижегород және Белгород облысында екі адам қаза тауып, тағы екеуі жараланғаны хабарланды.  

«Крымский ветер» Telegram-арнасы Севастопольдегі негізгі қосалқы электр станциясына бірнеше рет соққы жасалғанын хабарлады. Соның салдарынан өрт шыққан.

Арна мәліметінше, «Севастополь» 330/220/110/35 кВ қосалқы электр станциясы бүкіл Севастопольге электр қуатын жеткізетін негізгі тораптық нысан болып саналады.

– Қазіргі уақытта қала толықтай жарықсыз қалды, – деп жазды арна.

Ал Astra Telegram-арнасы ашық дереккөздерге (OSINT) жүргізілген талдауға сүйеніп, Симферополь жылу электр орталығы аумағында да өрт шыққанын хабарлады.

«Крымский ветер» мәліметінше, шабуылға ұшыраған қосалқы станция дрондарға қарсы арнайы қорғаныс торларымен жабдықталған. Алайда бұл қорғаныс жүйесі шабуылға төтеп бере алмаған.

Арна дерегіне сәйкес, қазір жергілікті билік пен қызметтер Севастопольді шағын аудандық қосалқы станциялар арқылы шұғыл түрде қайта электр желісіне қосуды қолға алған.

Нижегород облысындағы өрт пен өлім 

Ал  Нижегород облысының губернаторы Глеб Никитин  аймаққа 23 дрон шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, шабуыл салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам жараланған. Сонымен қатар өнеркәсіп нысандарыны, бірнеше автокөлік пен тұрғын үйлер зақымданған.

– Өнеркәсіптік инфрақұрылымға аса ауыр залал келген жоқ, – деп жазды губернатор Telegram-арнасында.

Astra Telegram-арнасының хабарлауынша, Украина шабуылынан кейін Нижегород облысының Кстово ауданында орналасқан Электрокабель НН зауытынан шамамен бір шақырым жерде тұрған жеке тұрғын үй өртенген.

Жергілікті тұрғындар дрондардың Кстово қаласындағы «Лукойл-Нижегороднефтеоргсинтез» бағытына қарай ұшып бара жатқанын хабарлады. Бұл мұнай өңдеу зауыты бұған дейін де бірнеше рет дрон шабуылдарының нысанасына айналған болатын.