Қазақстанда әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаражат көлемі 860 млрд теңгеге қысқартылмақ. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Оның айтуынша, бұл салада елеулі теңгерімсіздік бар. Жұманғариннің дерегінше, республикалық бюджеттің 38,7%-ы, ал жергілікті бюджеттердің 48,1%-ы әлеуметтік төлемдерге жұмсалады.
«Бұл өте үлкен көрсеткіш. Соңғы алты жылдағы өсімге мысал келтірейін: 2020 жылы әлеуметтік төлемдер 3,3 трлн теңге болса, 2026 жылы 6,7 трлн теңгеге жетті. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар екі есе өсіп, 367 млрд-тан 742 млрд теңгеге дейін артты. Балалы отбасыларға берілетін төлемдер 427 млрд-тан 974 млрд теңгеге дейін көбейді», – деді вице-премьер.
Осыған байланысты Үкімет төлемдерді оңтайландыру туралы шешім қабылдаған. Жұманғариннің айтуынша, жәрдемақылар тек шын мұқтаж азаматтарға берілуі тиіс.
Үнемделген қаражат басқа салаларға – білім беру, денсаулық сақтау және медицинаға бағытталады. Бұл халықтың адами капиталын арттырып, ұзақ мерзімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деді ол.
«2027 жылдан бастап шамамен 860 млрд теңге әлеуметтік төлемдер оңтайландырылып, басқа салаларға бағытталады. Бірақ базалық төлемдер сақталады, тек көмек алушыларға қойылатын талаптар күшейеді», – деді Жұманғарин.
Сондай-ақ ол халықты A, B, C, D, E санаттарына бөлу жүйесі бар екенін атап өтіп, негізінен A және B санаттарына жататын, яғни табысы жоғары азаматтарға қойылатын талаптар қатаңдатылатынын айтты.