Иран мен АҚШ бір-біріне әуе соққыларын жасап, екі апта бұрын төрт айға созылған қақтығысты тоқтату үшін жасалған бітім шартын қарсы тарап бұзды деп айыптап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Парсы шығанағындағы жағдай қайтадан күрт ушығып отыр. Екі тарап та атысты тоқтату режимін бірінші болып қарсы тарап бұзды деп мәлімдеп отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон «мәселені әскери жолмен соңына дейін жеткізуі мүмкін» екенін айтқаннан кейін, Иран түнде Кувейт пен Бахрейндегі америкалық әскери нысандарға зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы шабуыл жасады, деп жазды Reuters.
СОҚҚЫЛАР ЖӘНЕ ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ
Бұған дейін АҚШ әскері Иран аумағына қайтадан соққы жасағанын хабарлаған еді. Бұл әлемдік мұнай мен газ тасымалының негізгі бағыттарының бірі болып есептелетін Ормуз бұғазындағы танкерге жасалған шабуылдан бірнеше сағат өткен соң болды.
Соғысқа дейін Ормуз бұғазы арқылы әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен бестен бірі тасымалданатын. Сондықтан бұл өңірдегі ахуал жаһандық нарықтарда ерекше алаңдаушылық туғызып отыр.
Кейін Дональд Трамп тағы да қатаң мәлімдеме жасап, АҚШ-тың сабыр сақтаудан бас тартып, қақтығысты күш қолдану арқылы аяқтауы мүмкін екенін ескертті.
КЕЛІССӨЗДЕРГЕ ҚАУІП ТӨНІП ТҰР
АҚШ пен Иран арасындағы уақытша келісім 14 тармақтан тұрған. Ол 28 ақпанда басталған әскери қақтығысты тоқтатуды, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіруді және Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерге жол ашуды көздеген.
Бір апта бұрын Швейцарияда АҚШ пен Иран өкілдерінің қатысуымен келіссөздер өткен болатын. Осыдан кейін Вашингтон Тегеранға қарсы санкциялардың бір бөлігін жеңілдеткен еді.
Алайда бітім ұзаққа созылмады. Кувейттің мәліметінше, Трамптың мәлімдемелерінен кейін көп ұзамай елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері зымырандар мен дрондардың шабуылына тойтарыс бере бастаған. Бахрейнде де әуе дабылы жарияланды.
ТАРАПТАРДЫҢ ӨЗАРА АЙЫПТАУЫ
Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы америкалық нысандарға жасалған шабуылдарды АҚШ-тың жуырдағы соққыларына жауап деп атады.
Ал Вашингтон Иранға жасалған жаңа соққылардың коммерциялық кеме қатынасына қарсы жалғасып жатқан шабуылдарға жауап екенін мәлімдеді. АҚШ тарапының айтуынша, соққы байланыс жүйелеріне, әуе қорғанысы нысандарына, дрон қоймаларына және әскери инфрақұрылымға бағытталған.
Иран АҚШ-тың әрекеті бітімнің іс жүзінде бұзылуына әкеліп, дипломатиялық үдерісті толық тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Шиеленіс тек Парсы шығанағында емес, Ливанда да жалғасып отыр. Тегеран АҚШ-ты Израиль мен «Хезболла» қозғалысы арасындағы атысты тоқтату режимінің сақталуын қамтамасыз ете алмады деп айыптады.