×
486.47
554.77
6.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
486.47
554.77
6.26

Жол апатынан кейін аяғынан айырылған 11 жасар қыздың анасы әділдік іздейді

Бүгін, 12:45
Жол апатынан кейін аяғынан айырылған 11 жасар қыздың анасы әділдік іздейді
Ulysmedia

2023 жылдың желтоқсан айында Шымкент қаласында ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Тежегіші істен шыққан Toyota Camry көлігінің жүргізушісі қыз баланы қағып кеткен. Зардап шеккен Мадина Өтегенованың қазіргі жасы 11-де. Апаттан кейін ол сол аяғынан айырылып, шамамен екі жыл бойы мүгедектікпен өмір сүріп келеді. Қыздың анасы Жанар Түгелбаева бұл іске қатысты кінәлі деп танылған Нұрсұлтан Әшімнің қылмыстық жауапкершіліктен босатылғанын және баланың ем-домына шығынды өтемей отырғанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Жанар Түгелбаева бір жарым жылдан бері сот шешімінің орындалуын және өтемақы төленуін талап етіп келеді. Мемлекеттік органдардан нақты көмек болмаған соң, ол Ulysmedia.kz редакциясына жүгінген. Әйелдің айтуынша, қайғылы оқиға 2023 жылдың 20 желтоқсанында болған. Сол күні 24 жастағы Нұрсұлтан Әшім жаяу жүргіншілерді көлікпен қағып кеткен. Олардың арасында Мадина да болған, соққыдан ауыр жарақат алған.

Мадина бір жылдың ішінде 65 отадан өтіп, ауыр ем қабылдаған. Дәрігерлер кейін оның аяғын кесіп тастау туралы шешім қабылдаған.

Жанар Түгелбаеваның айтуынша, төрт ай бойы ауруханада жатқан. Ем жүргізілгеніне қарамастан, жара асқынып, іріңдеу тоқтамаған. Кейін гангрена дамып, артынша сепсис басталған.

«Анестезиолог бізге баланы оятпауға да дайын болу керегін айтты. Аяқты сақтау мүмкін емес, тіпті бала наркоздан шықпай қалу қаупі бар деді. Сол сәтте есімнен танып қалдым. Дәрігерлер ампутация жасау қажет екенін айтты, әйтпесе қызымның өміріне қауіп төнетін еді», – дейді анасы.

Апаттан кейін Жанар бастапқыда жүргізушіге қатысты қылмыстық талаптан бас тартқан, себебі ол емдеу шығындарын толық өтеп беруге уәде еткен. Алайда азаматтық сот оған 27 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеген.

Жанар Түгелбаеваның айтуынша, бастапқыда Нұрсұлтан 2,5 миллион теңгеге дәрі-дәрмек сатып алып бергенін айтып, соны толық өтем ретінде есептейді. Әйел бірнеше рет прокуратураға, Әділет министрлігіне және басқа да мемлекеттік органдарға жүгінгенімен, ешқандай нәтиже болмаған.

“Мен қайда бармадым. Енді оны іздеуге жариялауды талап етемін. Ол маған ашық айтты: “Қолыңыздан келгеннің бәрін істеңіз, мен бір тиын да төлемеймін. Сіз мені кешірдіңіз ғой” деді”, – дейді Жанар.

Өмір үшін күрес

Қазір Жанар екі баласымен Астананың шетінде орналасқан жатақханадан бөлме жалдап тұрады. Апаттан кейін отбасы Шымкенттен елордаға қоныс аударуға мәжбүр болған, себебі Мадина дәл осы қалада ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында жүр.

Жанардың жұмысын тастауға тура келген, себебі қызына тұрақты күтім қажет. Қазір отбасы ай сайын 150 мың теңге көлеміндегі жәрдемақымен күнелтіп отыр. Оның 120 мың теңгесі Мадинаның ем-домына жұмсалады, қалған  30 мың теңге пәтер жалдауға кетеді.

Қалған күнделікті шығынды Жанар қарызға алып, туыстарының көмегімен және Instagram парақшасындағы жазылушылардың қайырымдылық қаражатымен жауып отыр.

Мадина үйден оқиды. Ол уақытының басым бөлігін диванда өткізеді. Мүгедекге арналған арбасы бар болғанымен, анасының айтуынша, соңғы уақытта серуендеуге шығуы сиреп кеткен. Жол апаты қыздың өмірін психологиялық тұрғыдан да қатты өзгерткен.

“Қызым маған үнемі: “Анашым, мен енді шыдай алмаймын. Тіпті өлгенім жақсы еді. Мұның бәрі қашан бітеді? Маған протезді қашан қояды? Мен бұлай өмір сүре алмаймын” деп айтады”, – дейді анасы.

Мадина бұрын қарапайым металл протезді қолданып көрген, алайда ол ыңғайсыз болған, аяғын ауыртқан. Дәрігерлер оған бионикалық протез орнатуды ұсынған, бірақ оның бағасы шамамен 70 мың АҚШ доллары немесе 34 миллион теңге. Бұл сома сот шешімімен өндіріп алынуы тиіс өтемақы мөлшерімен шамалас.

Жол апатына кінәлі ер адам не дейді?

Ulysmedia.kz тілшісі Нұрсұлтан Әшімға да хабарласып көрді. Ол сот жүктеген міндеттемелерді толық орындамай отырғанын мойындады.

Ол 10 миллион теңге төлегенін айтқанымен, Жанар Түгелбаева бұл деректі жоққа шығарды.

«Иә, мен болған жағдайға жауапкершілік сезінемін. Бастапқы кезде 10 миллион теңге төледім, алайда сот бұл төлемді есепке алмады, себебі ақша үшінші тұлғалар арқылы аударылған. Қазір шынымен де төлем жасап жатқан жоқпын, себебі жұмыссызбын. Бұрын сотталғандықтан және жүргізуші куәлігінен айырылғандықтан жұмыс таба алмай жүрмін», – дейді ол.

Ulysmedia.kz редакциясы Шымкент қаласының құзырлы органдарына сот шешімінің орындалуы және оның не себепті әлі күнге дейін жүзеге аспай отырғанын сұрап, ресми сұрау жолдады.