×
485.82
554.03
6.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
485.82
554.03
6.24

Жанармай тапшылығы: Ресей «Еуро-2» стандартына қайта оралуы мүмкін

Бүгін, 11:32
Жанармай тапшылығы: Ресей «Еуро-2» стандартына қайта оралуы мүмкін
ашық дереккөзден

Ресей үкіметі 2013 жылдан бері тыйым салынған «Еуро-2», «Еуро-3» және «Еуро-4» экологиялық стандарттарына сай бензин мен дизель отынын өндіруге және сатуға қайтадан рұқсат беруді қарастырып жатыр. Бұл туралы 29 маусымда кешке «Коммерсант» газеті үкімет қаулысының жобасына сілтеме жасап хабарлады.

Құжатқа сәйкес, 2027 жылдың шілдесіне дейін Ресейдің ішкі нарығында төмен экологиялық стандарттағы жанармайды өндіруге, айналымға шығаруға және импорттауға рұқсат берілуі мүмкін. Сондай-ақ бензин құрамындағы метанолдың үлесін 3%-ға дейін жеткізуге жол ашылады.

Жанармай тапшылығын еңсеру әрекеті

Бұл шаралар Ресейдің ондаған өңірін қамтыған жанармай тапшылығын жеңілдетуге бағытталған. Импортталатын жанармайға да Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) техникалық регламенттері қолданылмайды. Ресейде «Еуро-2» стандарты бойынша жанармай сатуға 2013 жылы тыйым салынған болатын. Қолданыстағы «Еуро-5» стандарты бойынша бензиндегі күкірт мөлшері 1 келіге шаққанда 10 миллиграмнан аспауы тиіс. Ал «Еуро-2» стандартында бұл көрсеткіш 500 миллиграмға дейін жетеді.

Бұдан бөлек, «Еуро-2» бензинінде бензолдың мөлшеріне қойылатын талап жеңілдетілген, ал дизель отынында тұтану қасиетін сипаттайтын цетан саны төмен болуы мүмкін. 2025 жылдың күзінде Ресей үкіметі арнайы лицензиясы бар және жаңғырту туралы келісім жасаған бірқатар мұнай өңдеу зауыттарына «Еуро-3» стандарты бойынша жанармай шығаруға рұқсат берген еді. Алайда бұл ішкі нарықтағы тапшылықты толық жабуға жеткіліксіз болған.

Сарапшы пікірі

NEFT Research компаниясының коммуникациялар жөніндегі директоры Дмитрий Прокофьевтің айтуынша, төмен стандарттарға көшу мұнай өнімдерін терең өңдеусіз пайдалануға мүмкіндік береді әрі жоғары сапалы жанармай шығара алмайтын өндіріс орындарының жұмысын жеңілдетеді.Оның бағалауынша, бұл шешім бензин өндірісін айына бірнеше жүз мың тоннаға дейін арттыруы мүмкін. Дегенмен жоғалған өндіріс көлемін толық қалпына келтіре алмайды. Сарапшы сондай-ақ қазіргі заманғы көптеген автокөлік үшін «Еуро-2» жанармайын пайдалану қауіпсіз болмауы мүмкін екенін айтты. Бірақ Ресей өңірлерінде сапасы төмен отынға бейімделген көліктер әлі де көп.

Дағдарыстың себебі

Ресейдегі жанармай дағдарысы Украина қарулы күштерінің мұнай өңдеу зауыттары мен отын-энергетика кешені нысандарына жасаған жүйелі шабуылдарынан кейін күшейген. Дағдарыс мамыр айының соңында күрт ушыққан. Атап айтқанда, Мәскеуді жанармайдың шамамен 40%-ымен қамтамасыз ететін «Капотня» мұнай өңдеу зауыты бір апта ішінде екі рет соққыға ұшырап, 2026 жылдың соңы немесе 2027 жылдың басына дейін істен шыққан.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Ресейде бензин өндірісі өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 25%-ға азайып, тәулігіне 85 мың тоннаға дейін төмендеген. Ал жаз мезгіліндегі тәуліктік тұтыну көлемі шамамен 110 мың тоннаны құрайды.

РБК есебіне сәйкес, жанармай сатуға ресми шектеулер Ресейдің 40-тан астам өңірінде, оның ішінде Украинаның оккупацияланған аумақтарында енгізілген. Ал жеткізілімдегі іркілістер туралы шағымдар 85 субъектіде тіркелген.

Kpler талдау агенттігінің мәліметіне қарағанда, соңғы үш айда Ресейдегі бензин қоры бірнеше жүз мың тоннаға азайған.

Жанармай тапшылығының бар екенін Ресей президенті Владимир Путиннің өзі де мойындаған. Ал Мемлекеттік дума депутаттары азаматтарды бензиннің бұрынғыдай қолжетімді бағамен сатылатынына үміт артпауға шақырған.