×
480.72
548.07
6.14
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
480.72
548.07
6.14

Ақтөбедегі қайғылы жол апаты: кәсіпкердің ұлы күдікке ілінді

Бүгін, 12:10
Ақтөбедегі қайғылы жол апаты: кәсіпкердің ұлы күдікке ілінді
ЖИ/ Ulysmedia

Ақтөбе облысында болған жол апатынан көз жұмған 18 жастағы Айым Жеңісованың жақындары істің әділ тергелетініне алаңдап отыр. Олардың айтуынша, көлік тізгінінде өңірге танымал кәсіпкердің ұлы болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Марқұмның туыстарының айтуынша, 27 маусым күні кешке көлік тізгінінде Бекнұр Нұрланов болған. Ал оның жанында 18 жастағы Айым Жеңісова отырған. Жол апаты салдарынан көлік аударылып, бойжеткен ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан, ол кейін көз жұмды.

Марқұмның жақындары істің ашық әрі әділ тергелуін талап етіп отыр.

– Біз бұл істің әділ, ашық және объективті тергелуін талап етеміз. Істің қоғам назарынан тыс қалып, ұмыт қалуына жол бермейміз. Көлікті басқарған Бекнұр Нұрлановтың ата-анасы – өңірге танымал кәсіпкерлер әрі қоғамға белгілі тұлғалар. Сондықтан тергеуге ықпал етілуі немесе оның жауапкершіліктен жалтарып кетуі мүмкін деп алаңдап отырмыз. Осыған байланысты құқық қорғау органдарынан тергеудің барынша ашық жүргізілуін және сот процесінің жария өтуін қамтамасыз етуді сұраймыз, – деп жазды марқұмның танысы.

Күдіктінің адвокаты Нұрсұлу Дәулетаева әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, жарияланған материалдарда қорғауындағы азаматтың ата-анасы ешбір дәлелсіз аталып, олардың тергеу барысына ықпал етуі мүмкін деген негізсіз тұжырымдар жасалған.

– Айым жол апаты болған жерде емес, ауруханада қайтыс болды. Сонымен қатар қорғауымдағы азаматтың ата-анасы ешқандай дәлелсіз бұл іске қатыстырылып, олардың тергеуге ықпал етуі мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды әрі олардың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіреді, – деді адвокат.

Осыған байланысты адвокат тергеудің заң талаптарына сай жүргізіліп жатқанын айтып, қоғамды расталмаған ақпарат таратпауға үндеді.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Полиция жол апатына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Бекнұр Нұрланов қамауға алынды.

Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, күдіктінің отбасы Ақтөбе облысында азық-түлік бизнесімен айналысады.