Ресей әскері Украина астанасы Киевке дрондар мен зымырандарды қатар қолдана отырып, ауқымды әуе шабуылын жасады. Кейінгі мәліметтерге қарағанда, шабуыл салдарынан кемінде тоғыз адам қаза тауып, 56 адам жараланған. Зардап шеккендердің арасында балалар да бар. Қираған тұрғын үйлердің үйінділері астында адамдар қалып қойған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Euronews-ке сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙ
Киев облысында да шабуыл салдарынан үш адам жарақат алған.
Қалалық биліктің мәліметінше, Киевтің барлық ауданында тұрғын үйлер мен азаматтық инфрақұрылым нысандары зақымданған. Жалпы саны 30-дан астам жерде қирау мен бүліну тіркелген.
ДӘЙЕКСӨЗ
Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Ресейдің бұл әрекетін қатаң айыптап, бейбіт тұрғындарға жасалған шабуылдарды әскери қылмыс деп атады.
– Путин тек бейбіт тұрғындарға, әйелдер мен балаларға қарсы террорлық сипаттағы соғыс жүргізеді. Украина қарулы күштеріне қарсы соғыста ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмағандықтан осындай әрекетке барып отыр. Мұндай шабуылдар – ауыр әскери қылмыс. Біз бұл туралы халықаралық серіктестер мен ұйымдарды хабардар етіп, кінәлілерді жауапқа тартуға үндейміз, – деді Сибига.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің ел аумағына жаңа ауқымды соққы жасауға дайындалып жатқанын ескерткен еді.
Ал Ресейдің қорғаныс министрлігі бүгін таңертең жасаған мәлімдемесінде бұл шабуылды «жауап соққысы» деп атап, Киев пен Киев облысындағы әскери-өнеркәсіп кешендерінің кәсіпорындарына, сондай-ақ Украинаның өзге өңірлеріндегі әскери әуеайлақтардың инфрақұрылымына соққы жасалғанын мәлімдеді.
Кейінгі апталарда Украина да Ресей аумағындағы энергетикалық инфрақұрылым мен әскери нысандарға алыс қашықтыққа ұшатын дрондар және зымырандар арқылы шабуылдарын күшейткен болатын.