Алдағы үш күнде Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы аймақтарында сел жүруі, көшкін болуы және өзендердегі су деңгейінің күрт көтерілу қаупі бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz «Қазселденқорғау» мекемесіне сілтеме жасап.
МӘН-ЖАЙ
Мамандардың мәліметінше, 3-5 шілде аралығында аптап ыстық пен нөсер жауынның әсерінен таулы және тау бөктеріндегі аумақтарда беткейлерден су қарқынды ағып, өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін. Соның салдарынан сел жүру, жер көшкіні мен лай көшкіні қаупі артады.
Осыған байланысты тұрғындар мен туристерге қолайсыз ауа райы кезінде қауіпті аймақтарға бармауға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес берілді.
«Қазселденқорғау» мекемесінің мәліметінше, қазіргі уақытта Алматы маңындағы өзендердегі жағдай тұрақты бақылауда.
– Қазіргі таңда Алматы аумағындағы өзендердегі жағдай тұрақты. Қарғалы, Ақсай, Кіші Алматы және Үлкен Алматы өзендері тәулік бойы бақылауға алынған. Бұдан бөлек, Алматы қаласы мен Алматы облысында қосымша мобильді бақылау бекеттері қойылды, – делінген хабарламада.
КОНТЕКСТ
Ескерту Алматы облысының Қарасай ауданында төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бір күн өткен соң жарияланды. Бұған дейін нөсер жаңбырдан кейін Ақсай өзені жағалауды шайып, соның салдарынан карьер аумағында топырақ опырылған еді. Қауіпті аймақтан тоғыз үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.
Оған дейін Түрген өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты демалыс базасында болған туристер эвакуацияланды. Ал Алматының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты тұрғындар уақытша қауіпсіз жерге шығарылған.