Өзбекстанда АИ-92 маркалы бензин бұрын-соңды болмаған қарқынмен қымбаттады. Маусым айының басынан бері биржада жанармай бағасы шамамен 12% қымбаттап, ұсыныс көлемі күрт азайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
БАҒА РЕКОРД ЖАҢАРТТЫ
Өзбекстанның Республикалық тауар-шикізат биржасының мәліметінше, 29 маусымдағы жағдай бойынша АИ-92 бензинінің бір тоннасы 13,919 млн сумға сатылған. Бұл – жаңа тарихи рекорд және бұған дейінгі ең жоғары бағадан 1,1% көп.
Маусым айының басынан бері бензиннің құны 1,473 млн сум, яғни 11,8% өсті.
Сонымен қатар нарықтағы жанармай ұсынысы да азайды. Маусымның басында биржада шамамен 3,8 мың тонна бензин сатылса, 23 маусымға қарай бұл көлем екі есеге жуық қысқарған. Кейін ұсыныс ішінара қалпына келгенімен, баға төмендеген жоқ.
БАҒАНЫҢ ӨСУІНЕ НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?
Өзбекстандағы жанармайдың қымбаттауы Ресейдегі отын нарығындағы қиындықтармен байланысты.
Украина дрондарының бірнеше мұнай өңдеу зауытына жасаған шабуылдарынан кейін бірқатар кәсіпорын жоспардан тыс жөндеуге жабылды. Соның салдарынан Ресейде бензин тапшылығы туындап, билік оның экспортына толық тыйым салды.
Дегенмен үкіметаралық келісімдер аясындағы жеткізілімдерге бұл шектеу қолданылмайды. Сондықтан Ресейден Өзбекстанға бензин жеткізу жалғасып жатыр.
ӨҢІРДЕГІ ӨЗГЕ ЕЛДЕРГЕ ДЕ ӘСЕР ЕТТІ
Жанармай тапшылығының салдары өңірдің басқа мемлекеттерінде де байқалып жатыр. Бұған дейін Қырғызстанда АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің тапшылығы тіркелгені хабарланған.
Республика билігі Қазақстан, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан және Түрікменстанға жанармай жеткізілімінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу туралы ресми өтініш жолдап, балама жеткізушілерді іздеуге кірісті.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ?
Бұл жағдай Қазақстанға да әсер етті. Reuters агенттігі Қазақстаннан Ресейге бензин жеткізілуі мүмкін екені туралы ақпарат жариялағаннан кейін Энергетика министрлігі мұндай мүмкіндік тек артық көлем болған жағдайда ғана қарастырылатынын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, басты басымдық – ішкі нарықты толық қамтамасыз ету. Сондықтан бензин экспорты ел ішінде тапшылық туындамайтын жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін.