Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың өкілеттігі үш жылға ұзартылды. Мұндай шешімді партияның Астанада өткен кезектен тыс съезінде делегаттар қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өкілеттігі ұзартылды
Respublica партиясының V кезектен тыс съезінде партияның тең төрағасы Сырымбек Тау партия төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың өкілеттік мерзімін ұзартуды ұсынды. Бұдан кейін делегаттар бұл бастаманы дауыс беру арқылы қолдады.
Қазіргі төрағаның өкілеттік мерзімі шілдеде аяқталуға тиіс еді.
Сырымбек Таудың айтуынша, Қожаназаров партияның негізін қалаушылардың бірі және оның қалыптасуына елеулі үлес қосқан.
Ол аз уақыттың ішінде партия өңірлерде берік ұйымдық құрылым қалыптастырып, депутаттық корпусты нығайтты және азаматтардың мүддесін көздейтін көптеген заңнамалық бастаманы көтергенін айтты.
– Оның пікірінше, өкілеттік мерзімін ұзарту партияның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, алға қойған стратегиялық міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Съезд делегаттары Айдарбек Қожаназаровтың Respublica партиясының төрағасы ретіндегі өкілеттігін ұзартуға дауыс беріп, ұсынысты қолдады, – деп хабарлады партия өкілдері.
Саяси өзгерістер аясы
Қожаназаровтың өкілеттігі қазақстандық партияларда елеулі өзгерістер болып жатқан тұста ұзартылды.
Кейінгі апталарда елде бірден бірнеше саяси бірлестіктің, соның ішінде Қазақстан халық партиясы, «Ақ жол» және «Ауыл» партияларының басшылары ауысты.
Саяси күштер алдағы жаңа бір палаталы парламент – Құрылтай сайлауы қарсаңында жаңарып жатыр.