×
472.03
540.29
6.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.03
540.29
6.11

Болат Назарбаевтың өгей ұлы АҚШ-тағы зәулім үйді небәрі 10 долларға сатып алған

Бүгін, 17:31
Болат Назарбаевтың өгей ұлы АҚШ-тағы зәулім үйді небәрі 10 долларға сатып алған
Ulysmedia.kz коллажы

Данияр Кесікбаев АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы ең қымбат үйлердің бірін небәрі 10 долларға, шамамен 4800 теңгеге сатып алған. Ол – марқұм Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның ұлы және Малайзияның сотталған бұрынғы премьер-министрінің күйеу баласы. Бұл туралы New York Post басылымы Gimme Shelter жобасына сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Альпайн ауданындағы зәулім үй Нью-Джерси тарихындағы ең қымбат тұрғын үй нысандарының бірі саналады. Жылжымайтын мүлік құжаттарына сәйкес, 2025 жыллғы наурызда Кесікбаев 2 Margo Way мекенжайындағы үйді өз атына рәсімдеген.

Бұған дейін бұл үй 34 миллион долларға сатылымға қойылған. Ал 2012 жылы оны 20 миллион долларға қолма-қол ақшаға аноним компания сатып алған. Басылым дереккөздері бұл компанияны Кесікбаевпен байланыстырған. Сол кезде бұл Нью-Джерси тарихындағы тұрғын үйге қатысты ең қымбат мәміле болған.

Қазір үйдің салықтық құны 35,5 миллион долларға дейін өскен.

Басылымның жазуынша, 2012 жылы бұл үй 20 миллион долларға сатып алынған кезде АҚШ-тағы жылжымайтын мүлікке Қазақстан мен Малайзиядан шығарылған болуы мүмкін қомақты қаржы құйылған.

Үйдің ішінде не бар?

Зәулім үйдің аумағы – шамамен 1,6 мың шаршы метр. Үйде 9 жатын бөлме бар, ал жер телімі 3 гектардан асады.

Ішінде баскетбол алаңы, боулинг, үй кинотеатры, кітапхана, шарап қоймасы, грот, лифт және тұзды суы бар бассейн орналасқан. Аулада тағы бір ашық бассейн бар.

Жемқорлық ісімен байланысы

Кесікбаев – Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разактың күйеу баласы. Ол Разактың қызы Нурьяна Наджва Наджибке үйленген.

Наджиб Разак қазір 1MDB мемлекеттік қорына қатысты атышулы іс бойынша түрмеде жазасын өтеп жатыр. Қор 2015 жылы ірі жемқорлық дауының ортасында қалды. Сол кезде оның қарызы 11 миллиард долларға жеткені белгілі болды.

Тергеу кезінде жоғары лауазымды шенеуніктер қатысқан жемқорлық схемалары анықталды. Сондай-ақ, Разактың жеке шоттарынан шамамен 700 миллион доллар табылған.

2020 жылы сот оны билігін асыра пайдалану, жемқорлық және ақшаны жылыстату баптары бойынша кінәлі деп таныды. Алғашында ол 12 жылға бас бостандығынан айырылып, ірі көлемде айыппұл төлеуге міндеттелген. Кейін жаза мерзімі алты жылға қысқартылды.

2025 жылдың аяғында Малайзия соты Разакты жаңа іс бойынша да кінәлі деп таныды. Бұл жолы оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және ақшаны жылыстату эпизодтары бойынша айып тағылған.

Бұл алғашқы мәміле емес

Кесікбаевтың қымбат жылжымайтын мүлікті мұндай сомаға рәсімдеуі бірінші рет емес. Бұған дейін ол әйгілі The Plaza Hotel қонақүйіндегі құны 20 миллион доллар болатын пәтерді небәрі 1 долларға алған.

Назарбаевтар отбасына қатысты сот дауы

Айта кетейік, 2012 жылы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиева мен өгей ұлы Данияр Кесікбаевтың үстінен сотқа шағым түсірген.

Ол оларды 100 миллион доллардан аса активті шетелге шығарды деп айыптаған.

Шағымда Нью-Йорк пен Майамидегі жылжымайтын мүлік, сондай-ақ құны 75 миллион доллар болатын зергерлік бұйымдар туралы айтылған.

Кейін тараптар дауды соттан тыс реттеген.

Еске салайық, Болат Назарбаев 2023 жылы 70 жасында қайтыс болды.