«Қазгидромет» синоптиктері 7 шілдеде Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт бұзылатынын ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қарағанды және Ұлытау облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде қатты нөсер мен бұршақ күтіледі. Жезқазған мен Қарағандыда да жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Сонымен қатар, өңірде +35...+37 градусқа дейін қатты ыстық сақталады.
Ақтөбе облысында ауа райы аса қолайсыз болады. Өңірде қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл тұруы мүмкін. Желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетеді. Ақтөбе қаласында да қолайсыз ауа райы болжанып отыр. Сонымен қатр, күн +37 градусқа дейін ысиды.
Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ күтіледі. Семей, Өскемен және Павлодар қалаларында да найзағай ойнап, жауын-шашын болады.
Атырау облысында таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Осындай жел Маңғыстау облысында да күтіледі. Онда түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсуі ықтимал.
Алматы облысында, сондай-ақ Алматы қаласы мен таулы аймақтарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетуі мүмкін. Облыста ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріледі.
Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарының таулы аудандарында да өткінші жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Бұл өңірлерде жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Астанада күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында кей жерлерде аздаған жаңбыр жауып, найзағай болуы мүмкін. Түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал.
Күн 41 градусқа дейін ысиды
Жауын-шашынға қарамастан, бірқатар өңірде аптап ыстық сақталады.
Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ауа температурасы +40...+41 градусқа дейін көтеріледі. Түркістан облысында +40 градус ыстық күтіледі.
Қарағанды, Ұлытау, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында және Жетісу облысында күн +35...+37 градусқа дейін ысиды.
Өрт қаупі жоғары
Алматы, Атырау, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Ақмола облыстарында, сондай-ақ Абай, Жетісу, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.