×
472.03
540.29
6.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.03
540.29
6.11

Ормуз бұғазындағы жағдай қайта ушықты: Иранға бітімді бұзды деген айып тағылды

Бүгін, 09:40
Ормуз бұғазындағы жағдай қайта ушықты: Иранға бітімді бұзды деген айып тағылды
Видеодан алынған кадр

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) Ормуз бұғазы маңында екі коммерциялық кемеге зымыранмен шабуыл жасады. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы дереккөзге жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Басылымның мәліметінше, шабуыл кеше таңертең болған. Алайда бұл оқиға осы уақытқа дейін көпшілікке жария етілмеген.

Зардап шеккен кемелердің бірі – сұйытылған табиғи газ тасымалдаған Қатардың Al Rekayyat танкері. Зымыран кеменің сол жақ қапталына тиіп, соның салдарынан машина бөлімінде өрт шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.

The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, шабуыл алдында КСИР теңіздегі радиобайланыс арқылы азаматтық кемелерге Оман жағалауына жақын бағыттармен жүзбеуді ескертіп, талапқа бағынбаған жағдайда шабуыл жасалатынын мәлімдеген.

БІТІМГЕ ТӨНГЕН ҚАУІП

Басылымның жазуынша, бұл жағдай АҚШ пен Иран арасындағы бітімді сақтауға бағытталған келіссөздерге кесірін тигізуі мүмкін.

Маусым айының соңында АҚШ пен Иран бітімге келгенімен, арада көп ұзамай қайтадан өзара соққы алмасқан. Бұған Тегеранның ескертуіне құлақ аспаған кемелерге жасалған шабуылдар да себеп болған.

Екі күнге созылған әскери іс-қимылдан кейін тараптар атысты тоқтатуға келіскен. Ал Axios басылымының хабарлауынша, Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелердің қозғалысына кедергі келтірмеуге уәде берген.

Алайда кейінгі шабуылдар дәл Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы қайта жандана бастаған кезде жасалды.