×
472.03
540.29
6.11
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
472.03
540.29
6.11

Энергетика министрлігі ресейліктердің Қазақстаннан қанша бензин әкеткенін есептемеген

Бүгін, 15:42
Энергетика министрлігі ресейліктердің Қазақстаннан қанша бензин әкеткенін есептемеген
Ulysmedia

Ресейде жанармай тапшылығы күшейген тұста Қазақстанның Энергетика министрлігі елден сыртқа қанша бензин шығарылғаны туралы нақты мәліметтің жоқ екенін мәлімдеді. Ведомство бұл мәселе бойынша Қаржы министрлігіне жүгінуге кеңес берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БЕНЗИН ҚАЙДА КЕТТІ?

Үкімет отырысынан кейін журналистер Қазақстан энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтан Ресейдегі жанармай тапшылығы аясында Қазақстаннан бензиннің қаншалықты көлемде әкетілгенін сұрады. Алайда министрлік нақты санды атай алмады.

Журналистер мамыр айынан бері шекара маңындағы өңірлерде кең тараған «бензин туризмі» салдарынан Ресей азаматтарының Қазақстаннан қанша бензин сатып әкеткені есептелді ме деген сауал қойды.

– Бензиннің сыртқа шығарылуына қатысты жұмысты басқа мемлекеттік органдар жүргізіп жатыр деп ойлаймын. Бұл сұрақ бойынша Қаржы министрлігіне жүгінгеніңіз дұрыс, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Энергетика министрлігінде шетел азаматтарының Қазақстандағы жанармай құю бекеттерінен қанша отын сатып алғаны жөнінде статистика бар ма деген нақтылау сұрағына вице-министр әзірге ондай дерек жоқ екенін растады.

– Қазір бізде мұндай жинақталған мәлімет жоқ. Біз тек елімізде қанша жанармай өндірілетінін және қанша көлемде тұтынылатынын білеміз, – деді ол.

ЖАНАРМАЙДЫҢ СЫРТҚА ШЫҒАРЫЛУЫН ҚАЛАЙ ТЕЖЕП ЖАТЫР?

Журналистер ішкі нарықты қорғау үшін, әсіресе шекара маңындағы өңірлерде ресейліктердің жаппай жанармай құюына байланысты қандай шаралар қабылданып жатқанын да сұрады.

Вице-министрдің айтуынша, қазір шетелдік жеңіл және жүк көліктеріне Қазақстан шекарасын тәулігіне бір реттен артық кесіп өтуге рұқсат етілмейді.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар қосымша жанармай бактарын орнату арқылы жүзеге асырылатын заңсыз отын тасымалына қарсы күрес жүргізіп жатыр.

– Бұл бағыттағы жұмысты Ішкі істер министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Шекара қызметі мен кеден органдары бірлесіп жүргізуде. Шекара маңындағы аймақтарда заңсыз әрекетке баратын жүргізушілер анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданып жатыр. Ел аумағынан жанар-жағармайдың шығарылуына жол бермеу үшін кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Журналистер мұндай шаралардың жеткіліксіз екенін, өйткені үлкен жанармай бактары бар ресейлік жүк көліктері Қазақстанға күн сайын кіріп, жанармай құя алатынын айтқанда, вице-министр бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасып жатқанын ғана жеткізді.