Қазақстан банктеріндегі 90 күннен астам уақыт бойы төленбеген берешегі бар несиелердің (NPL 90+) үлесі 2026 жылдың басынан бері 14% артты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Halyk Finance аналитикалық орталығының банк нарығына арналған жаңа шолуында Қазақстан банктерінің несие портфелі тұтынушылық несиелеу нарығын тежеу бойынша ҚНРДА (АРРФР) қабылдап жатқан шараларға қарамастан өсіп келе жатқаны айтылған.
Жыл басынан бері бөлшек несиелеу көлемі 2,8% артқан. Бұл 2025 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен (+6,9%) айтарлықтай төмен. Корпоративтік несиелеу де баяулаған: өсім 2,5% болған, былтыр бұл көрсеткіш 4,1% еді.
Автонесиелеу жыл басынан бері 4% өсті. Ал кепілсіз тұтынушылық несиелердің көлемі іс жүзінде өсуін тоқтатқан — жыл басынан бері небәрі 0,4% ұлғайған.
Банктік несие мөлшерлемелері де көтерілген. Мамыр айында орташа мөлшерлеме 21,7% болған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,3 пайыздық тармаққа жоғары.
Жеке тұлғаларға берілген несиелер бойынша орташа мөлшерлеме 21,4% жетсе, заңды тұлғалар банктерден орта есеппен 22% мөлшерлемемен қарыз алған.
АЛАҢДАТАРЛЫҚ БЕЛГІ
Сонымен қатар NPL 90+ санатындағы проблемалық несиелердің үлесі жыл басынан бері 4,2%-ға дейін өскен, яғни нарықты салқындату шараларына қарамастан, банктердің несие портфелі өсіп жатыр (жыл басынан бері 2,7% артқан), алайда оның сапасы төмендеп барады.
Қазір Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің жалпы несие портфелі – 44 трлн 458 млрд теңге.
Қазақстандағы ірі банктердің ішінде NPL 90+ деңгейі жоғары төрт қаржы ұйымы бар. Олардың үлесіне елдегі барлық өтелмей жатқан несиенің 44,5%-ы тиесілі, бұл – шамамен 827 млрд теңге.
Мерзімі өткен несиелер бойынша тәуекелі ең төмен қаржы ұйымдарының қатарында екі банк бар. Олардың бірі — мемлекеттік Отбасы банк.
Halyk Finance сонымен қатар Қазақстан банктерінің табысы азайғанын атап өтті. 2026 жылдың мамырына қарай олардың таза пайдасы 1 трлн 36 млрд теңге болып, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы көрсеткішпен салыстырғанда 9,4% төмендеген.