Әлеуметтік желілерде нөсер жауыннан кейін көшелерді су басып, арықтардың бітеліп қалғаны туралы шағым көбейген еді. Осыған байланысты Алматы әкімдігі қаладағы арық жүйесін не үшін өзгертіп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Әкімдік арықтарды тегіс алып тастау жоспарда жоқ екенін мәлімдеді. Алайда оларды пайдалану тәсілі өзгереді. Кейбір арықтар темірбетон плиталармен жабылады.
– Су бұру қызметі толық сақталады. Арықтардың басым бөлігі ондаған жыл бұрын, судың негізгі көлемі тау бөктерінен келген кезде жобаланған. Қазір қала өзгерді, негізгі жүктемені жер үсті ағындары мен жаңбыр суы жүйесі қабылдап отыр. Сондықтан арықтар жаңғыртылып, қызмет көрсету мен тазалау үшін арнайы технологиялық люктері бар темірбетон плиталармен жабылады, – деп хабарлады қала әкімдігі.
Жаңғырту жұмыстары тек жол бойында орналасқан және жаяу жүргіншілер үшін қауіп тудыруы мүмкін учаскелерде жүргізіледі. Бұл арық желісінің жалпы ұзындығының шамамен 10-15 пайызы.
Әкімдік арықтарды плитамен жабудың тағы бір себебін атады. Олардың айтуынша, мұндай жағдайда арықтарға қоқыс аз түсіп, тазалау жұмыстары жеңілдейді.
КОНТЕКСТ
Әлеуметтік желі қолданушылары шілде айында судың арықпен емес, тікелей жол бойымен аққанын айтып, шағымданған еді.