×
471.04
538.54
6.17
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
471.04
538.54
6.17

Жаңаөзендік қазақ Tesla компаниясының инвесторы атанды

Бүгін, 09:54
Жаңаөзендік қазақ Tesla компаниясының инвесторы атанды
әлеуметтік желі

30 жылдан астам уақыттан бері АҚШ-та тұрып жатқан Әнуарбек Иманбаев жасанды интеллект саласында стартап құрып, Tesla компаниясының инвесторы атанып, кейін оның бас директоры Илон Маскпен достасқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Әнуарбек Иманбаевтың отбасы 1992 жылы Жаңаөзеннен АҚШ-қа қоныс аударған. Ол кезде әкесі америкалық мұнай компаниясында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болған. Отбасындағы үш баланың үлкені Әнуарбек сол кезде 9 жаста еді.

Кейін ол әкесінің жолын жалғап, ұзақ жылдар мұнай-газ саласында еңбек етті. АҚШ-тың ірі жекеменшік компанияларында жұмыс істеп, мұнай өнеркәсібіндегі ІТ технологияларымен айналысты.

ИЛОН МАСКПЕН ТАНЫСТЫҒЫ

2012 жылы әріптесінің көмегімен Әнуарбек сол кезде біздің өңірде көпшілікке таныла қоймаған электромобиль шығаратын стартаптың негізін қалаушы Илон Маскпен танысады.

Калифорния штатындағы Фримонт қаласында орналасқан Tesla зауытын көргеннен кейін ол компанияның болашағына сеніп, елге оралған соң барлық жинаған қаржысына Tesla акцияларын сатып алған.

Уақыт өте келе ол Tesla-ның, кейін SpaceX компаниясының бірқатар топ-менеджерлерімен жақын араласа бастаған.

АНА ТІЛІН ҰМЫТПАҒАН

АҚШ-та ұзақ жыл тұрғанына қарамастан, Әнуарбек қазақ тілін ұмытпағанын айтады. Оның сөзінше, бұл – ата-анасының тәрбиесінің арқасы. Үйде тек қазақша сөйлеуді талап еткен.

Ол АҚШ-та өзін әрдайым Жаңаөзеннің тумасы, қазақ екенін мақтанышпен айтатынын жеткізді.

«Цукербергтің көршілері» жобасына берген сұхбатында ол АҚШ-қа көшкендердің америкалық өмір салтына толықтай бейімделуге тырысқаннан гөрі, қазақтың дәстүрі мен мәдениетін құрметтеп, сақтауы маңызды екенін айтты.

ДӘЙЕКСӨЗ

– АҚШ-қа көшіп келгендердің көбі, мысалы қытайлар, әуелі өздеріне жергілікті есім алады. Ал бізде бәрі басқаша болды. Әкеміз бізді ең алдымен патриот етіп тәрбиеледі. Біз өзіміздің қазақ екенімізді мақтан тұтып өстік. Көп адам, тіпті әріптестерім де менің есімімді айта алмайтынын айтатын. Мен оларға: «Бұл – ата-анам мен Алла берген есім. Ұнамаса, есік ана жақта» деп жауап беретінмін. Қазақстандықтарға айтар кеңесім – өз Отандарыңызды мақтан тұтыңыздар, америкалық болуға тырыспаңыздар, – деді ол.